Түрікменстан басшысына ҚР Президентінің АӨСШК саммитіне шақыруы табысталды
ҚР Сыртқы істер министрлігінен мәлім еткендей, бүгін Асқар Тәжібаев Түрікменстан басшысына сенім грамоталарын табыстады.
Бұдан бөлек, елші С. Бердімұхамедовке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан 2022 жылғы 12-13 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммитіне қатысуға шақыру хатын табыс етті. Түрікменстан басшысы шақыруды ризашылықпен қабылдады.
«Ресми рәсімнен кейінгі сұхбат барысында тараптар қазақстан-түрікмен қатынастарының жоғары деңгейін қанағаттанушылықпен атап өтті. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ашғабатқа мемлекеттік сапарының, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Үшінші консультативтік кездесу аясындағы екі ел басшылары кездесуінің қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды», - делінген таратылған мәліметте.