Түркі кеңесі елдеріндегі компаниялар үшін бизнес-форум ұйымдастырамыз – Мажарстан министрі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Түркі кеңесі елдеріндегі компаниялар үшін үлкен бизнес-форум өткіземіз. Бұл туралы елордада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен келіссөздерден кейін Мажарстан Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийарто мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Сырты істер министрлігінде тілшілер П. Сийартодан Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне қатысты Мажарстанның жоспары жайында сұрады.

2018 жылдан бері Түркі кеңесінде Мажарстан байқаушы ел мәртебесін алды.

«Еліміз аталған кеңеске байқаушы ретінде қатысып келеді. Жалпы, Түркі кеңесінің барлық мемлекеттерімен стратегиялық қатынастарды дамыту мақсатын белгілеген едік. Осы тығыз байланыстарды бастаған елдердің арасында Қазақстан бірінші болды. Қазіргі кезде барша Түркі кеңесінің барша елімен стратегиялық шарттарды бекіттік», - деді Петер Сийарто.

Осы орайда ол «Түркі әлемінің келешегі-2040» стратегиясын әзірлеудің, сондай-ақ Түркі инвестициялық қорын құрудың маңыздылығын атап өтті.

«Біз осы қордың жұмысына қатысатын боламыз. Пандемия тоқтағаннан кейін, біз ауқымды бизнес-форум өткізуді жоспарлап отырмыз. Оған осындай ынтымақтастыққа мүдделі Түркі кеңесі елдеріндегі компаниялар қатыса алады», - деді Мажарстан министрі.

Еске сала кетейік, жақында Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммиті өтті. Бейресми саммитті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашып, жүргізді. Жиынға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев қатысты.

ҚР Президенті Қ. Тоқаев Түркі инвестиция-интеграциялық қорын құру жұмыстарын тездету керектігін айтты.

Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев аталған бастамаға қатысты ұсыныс жасаған болатын.

«Түркі инвестициялық қорын құру жөніндегі жұмысты тезірек аяқтау мақсатында осы мәселе бойынша шешім қабылдау және оны кезекті саммитте сіздердің мақұлдауларыңызға енгізу үшін, таяу айларда мүше мемлекеттердің экономика әрі қаржы министрлерінің отырысын өткізуді орынды деп санаймын», - деді Б. Әміреев.


Соңғы жаңалықтар