Түркі кеңесінің кезектен тыс бейресми саммиті тарихи жиын болды - Дархан Қыдырәлі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бастамасымен өткен Түркі кеңесінің кезектен тыс бейресми саммиті тарихи жиын болды. Бұл туралы Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Саммитке Еуропадан Мажарстанның және іргедегі жабық ел Түркіменстанның қатысуы бас қосудың салмағын артыра түсті. Бұл ретте жиын тақырыбының Түркістанға арналуы және Қарабақ жеңісінен кейінгі алғашқы келелі кеңес болуы да маңызды.

Саммитте айтылған ойлар мен мемлекет басшыларының ұсыныстарын 4 тақырыпқа бөлуге болады:

1. Экономикалық ынтымақтастықты арттыру, соның ішінде көлік-комуникация саласы мен туризмге мән беру, Азия мен Еуропаны жалғайтын «Тұран дәлізін» тиімді пайдалану, Инвеститциялвқ Қор құру, транс-шегаралық сулар мәселесін шешу;

2. Саяси ынтымақтастықты арттыру, Түркі кеңесінің атын өзгертіп, халықаралық ұйым ретінде атау, стратегиялық серіктестікке мән беріп, болашақ байланыстарға бағдар болатын құжат қабылдау, ынтымақтастық ұйымдарының құрылымдық құжаттарын аяқтау;

3. Гуманитарлық-мәдени байланыстарды арттыру, түркі әлемінің тұғырлы тұлғалары Низамидің 880, Юнус Әміренің 700, Науаидің 580 жылдығы сынды мерейтойларды бірге атап өту, Түркістан мен Қ.А.Иасауи мұрасын дәріптеу, мәдениет саласында Науаи атындағы халықаралық сыйлық бекіту;

4. Ғылым-білім саласының пандемия кезінде маңызы артқандығын ескере отырып, ғылыми интеграцияға мән беру, ұлы тұлғалар мен қастерлі мекендерді зерттеп, зерделеу, Түркістанда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу, бауырлас елдердің жоғары оқу орындарын үйлестіретін «Ұлы түркілер» жобасын бастау, Қ.А. Иасауи атындағы университетті түркі әлемінің ортақ оқу орнына айналдырып тамырлас жұрттар өкілдеріне арнап 50 «Иасауи шәкіртақысын» белгілеу», - деді Дархан Қыдырәлі.

Сонымен қатар ол ғылым мен білім саласындағы ұсыныстардың барлығын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқанын жеткізді.

«Бұл ұсыныстар, әсіресе «Иасауи шәкіртақасы» болашақ интеграцияның бекем іргетасы болатын бастамалар. Сондықтан түркі әлеміндегі ғылыми интеграцияны үйлестіруге жауапты ұйым ретінде академия атынан бұл ұсыныстарға қуанып қалдық.

Тағы бір атап айтарлық жайт, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Түркі кеңесіне алғаш рет қатысып отырғанымен, алқалы жиынды өте жақсы жүргізді. Бұған дейін Елбасы 1992 жылдан бастап барлық Саммиттерге қатысқаны белгілі. Демек Қазақстанның түркі әлеміндегі қарашаңырақ ретіндегі қызметі сабақтастық арқылы жалғасын таба береді», - деп толықтырды Түркі академиясының президенті.

Еске салсақ, 31 наурызда ТМЫК бейресми саммиті өтіп, Түркістан Декларациясы қабылданды.



Соңғы жаңалықтар