Түркістан маңындағы 7700 гектар аумақта жасыл белдеу құрылады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласының Бас жоспарына сәйкес, шаһар айналасынан 7 700 га «Жасыл белдеу» құру жоспарланған. Өткен жылы 2300 гектар жер игеріліп, 1 млн-нан астам әр түрлі көшет отырғызылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық әкімдіктің мәліметінше, күтіп-баптау мен қорғау және өсімін молайту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда аймақта 3 млн 131 мың гектар орманды дала жер бар. Оның ішінде орманмен көмкерілген алқабы 11 мың гектарға ұлғайып, 1 млн 615 мың гектарға жетті. Орман қоры жерлерінің шекараларын анықтау мен мемлекеттік актілерді сәйкестендіру жұмыстары жүргізілген. Ал, өткен жылы мемлекеттік орман қоры жерлеріне мәдени көшеттер мен сексеуілдің тұқымы себілген. Жоспарға сәйкес, күтіп-баптау мен толықтыру және орманның табиғи ұрпақтануына ықпал жасау шаралары атқарылған. Ағаштарды кесуге қарсы күрес шараларын жүргізу аясында орман күзеті қызметкерлерімен 1 000 жуық рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, 355 заңбұзушылық фактісі анықталған. Заңбұзушыларға 7 млн 671 мың теңге әкімшілік айыппұл салынған. Бұл жұмыстар облыс әкімдігімен бірлескен іс-шара жоспары ретінде бекітілгіп, тұрақты түрде жүргізілуде.

Айта кетейік, бүгінде өңірде 124 жергілікті маңызға ие балық шаруашылығы су айдыны бар. Оның ішінде 68 су айдыны облыс әкімдігінің балық шаруашылығын жүргізуге жарамды су айдындарының тізбесіне енгізіліп, 9 су айдыны 7 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілген. 59 су айдыны резервке алынған. Сондай-ақ, облыстағы 28 аңшылық алқаптың 15-і табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Сонымен қатар, Сырдария өзенінің бойында арнайы құрылған тұқымбақтағы Бұхар бұғыларының саны 158 басқа жеткен. Созақ орман шаруашылығындағы тұқымбаққа Алматы облысында орналасқан «Алтын Емел ұлттық паркінен 20 бас қарақұйрық пен 20 бас құлан әкелу жұмыстары ұйымдастырылуда.



Соңғы жаңалықтар