Түркістан мектептері күннен қуат алатын болды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласындағы Ж.Тәшенов атындағы №23 IT лицейіне қуаты 50 киловатқа тең күн электр станциясы орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Eni» компаниясы мен Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы және Түркістан облысының әкімдігі бірлесе қолға алған жоба аясында күн панелімен сыртқы жарықтандыру шамдары орнатылып, оқу сыныптарындағы жарықтандыру жүйесі жаңғыртылды.

Арнайы жылу реттеу клапандары, энергия үнемдейтін құралдар, су құбырына есептегіштер, жарықдиодты шамдар, термореттегіштер орнатылды.

Осы жобаның көмегімен 1900 оқушы білім алатын мектеп күн электр станциясының игілігін көреді.

«Түркістанда тарихи оқиғаның куәсі болып тұрмыз. Мектеп салу басқа, ал оның заманауи оқу бөлмелерімен, технологиямен қамту үлкен мәселе. Бүгін осы мектепке күн электр қондырғысын орнатып отырмыз. Жоба бойынша біріншіден мектептің электр қуатына жұмсайтын шығыны едәуір азаяды, екіншіден, оқушылар жаңартылатын энергия қалай өндірілетінін өз көзімен көріп өседі», – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Мектепті жаңғырту жобасы білім ордасындағы шығындарды, энергия тұтынуды және көмірқышқыл газы мөлшерін қысқартады.

«Жасыл» экономиканы дамытуға, қоршаған ортаны қорғауға, ауаны тазартуға мүмкіндік береді.

«Eni» мен БҰҰДБ осы жобаны үлгі ретінде ала отырып, елде қуат үнемдеу бағдарламаларын жалғастыруды көздеп отыр.

«2060 жылға қарай көміртекті бейтараптық мақсатына жету – Қазақстан үшін де, әлем елдері үшін де аса маңызды басымдық. БҰҰДБ энергетика секторындағы трансформация аясында ҚР Үкіметімен және барлық серіктестермен жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті», – деді БҰҰ даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш.




Соңғы жаңалықтар