Түркістан облысында 12 жастағы жасөспірім суға батып кетті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Жетісай ауданында 12 жастағы жасөспірім суға батып кеткен. Мектеп жасындағы қыздың денесі Шардара су қоймасындағы шомылуға арналмаған жерде іздестірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкент қалалық ТЖД ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының мәліметінше, сүңгуірлер іздестіру жұмыстарын Қызылқұм ауылдық округіне қарасты Қарасақал ауылы маңында жүргізген. Алдын ала мәлімет бойынша 2008 жылы туған жасөспірім кешкі сағат 18:30 шамасында суға түсуге арналмаған жерде батып кеткен.

«Іздестіру жұмыстарына шымкенттік жедел-құтқару жасағы мен Шардара құтқару бекетінен 6 құтқарушы-сүңгуір, 1 жүзу құралы мен 1 техникасы жұмылдырылған. Сондай-ақ, іздестіру жұмыстарына қосымша Түркістан облысы ТЖД 6 қызметкері, 11 аудандық полиция қызметкері мен туыстарынан 5 адам жеткен. Олар оқиға орнына сағат 20:20 келіп, кешкі сағат 21:20-да қыздың денесін тапқан» делінген хабарламада.

Айта кетейік, шымкенттік құтқарушылар шомылу маусымы басталғалы бері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Олар Түркістан облысына да көмек көрсетіп, онда 10 рет судағы іздестіру жұмыстарын жүргізген.


Соңғы жаңалықтар