Түркістан облысында 400-ге жуық дәрігер коронавирус инфекциясымен күресіп жүр

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында қазір 400-ге жуық дәрігер, орта және кіші буын медицина қызметкерлері күнделікті қауіп-қатердің ортасында адам өміріне араша түсіп, коронавирус індетімен күресуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Науқастарға тәулік бойы медициналық ем көрсетіп жүрген «Жетісай аудандық инфекциялық госпитальдың» меңгерушісі Замира Ташимова әріптестерінің бір кісідей күресіп, көмекке қосымша дәрігерлер жұмылдырылып жатқандығын айтады. 30 жылдан астам тәжірибесі бар инфекционист өзі де елде төтенше жағдай жарияланғалы бері күндіз-түні аянбай жұмыс істеуде.

«Тәулік бойы ауруханада коронавирусқа шалдыққан науқастарды қолымыздан келгенше емдеп жатырмыз. Әрине, ол азаматтардың қиналғанын көргенде жүрегіміз ауырады. Бірақ, қиын сәтте барынша бекем болып, табандылық көрсетуіміз қажет екенін түсінеміз. Жетісай аудандық инфекциялық госпитальда керек нәрсенің барлығы бар. Өз тарапымыздан да барлық сақтық шараларын қадағалаудамыз. 14 күн сайын тексеріліп, коронавирус індетіне сынама тапсырамыз», - дейді Замира Ташимова.

Ал, Түркістан қалалық орталық ауруханасы жұқпалы аурулар бөлімінің карантин режимінде жұмыс істеп жатқан дәрігерлері өз тараптарынан халыққа арнаған кеңестеріне түсіністікпен қарауға шақырады.

«Ел амандығы үшін үйде қалып, сақтық шараларын қадағалау қажет. Өңірге қауіпті аймақтардан келген азаматтар жергілікті емханаға хабарласып, 14 күндік карантинде болулары тиіс. Қазіргідей қиын сәтте мыңдаған адамның қауіпсіздігі, бір адамның жауапкершілігіне байланысты болған күйге түстік. Сол себепті әр азаматпен жеке түсіндірме жұмыстарын да жүргіземіз», - дейді екі аптадан бері үй бетін көрмеген Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының штаттан тыс инфекционист-дәрігері Замира Жорабекова. Дәрігер күні-түні провизорлық стационарда қызметте. Отбасымен қайта қауышатын күнді армандайды. Үйде күйеуімен 2 ұл, 1 қызы күтіп отыр. Кішкентайының жасы 7 –де. Өз өмірлерін бәске тіккен осындай дәрігерлердің еңбегі ерен.

Жалпы, облыс бойынша коронавирус инфекциямен ауырған науқастарды жатқызу үшін 150 төсек-орын жасақталған. Пандемиялық індетке ұқсас клиникасы бар науқастарды жатқызып, диагнозын анықтау мақсатында 510 төсек орынға провизорлық госпиталь қарастырылған. Одан бөлек барлық аудандар мен қалалардағы инфекциялық ауру бөлімдері дайын. Қарым-қатынаста болғандарды оқшаулау үшін облыс аумағына 955 төсек орынға карантин орталықтары ашылған.


Соңғы жаңалықтар