Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 213,5 млн долларға жетті

None
None
ТҮРКІСТАН.ҚазАқпарат – Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып, дайын өнімдер экспортының көлемі 213,5 млн АҚШ долларына жеткен. Жалпы өндірілген өнім көлемі 629,8 млрд теңгені құрап, 4,7%-ға артқаны байқалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, негізгі капиталға 55,4 млрд теңгеге жеке инвестициялар тартылып, республикадағы үлесі екінші орынға тұрақтаған.

«Аймақта 826,8 мың га ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, өткен жылдан 13,3 мың га артты. Мал мен құс басы орташа 6-7%-ға, алынған өнім 2 – 3 %-ға ұлғайып отыр. Нәтижесінде жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласында бір жұмысшыға шаққандағы еңбек өнімділігі 2 млн 181 мың теңгені құраған. Біз, агроөнеркәсіп кешені әлеуетін одан әрі дамыту үшін аграрлық салада жаңа тың бастамаларды қолға алып отырмыз. Бірінші, ұсақ шаруалар үшін «1 алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасы» бойынша 2019 жылы ғалымдармен бірлесіп барлық аудан/қалаларда жобаның тиімділігін агроқұрылымдарға түсіндіру нәтижесінде 107 жоба іске асырылды. Ағымдағы жылы әрбір ауылдық округте 10 жобадан жалпы 1 242 жобаны іске асыру басталды»,- деді Өмірзақ Шөкеев.


Өңір басшысының сөзінше, тәлімі жерде сусыз бақша өсіру жобасы бойынша 2019 жылы Израильдық инвесторлардың қатысуымен Ордабасы ауданында шөлге төзімді технологиямен 130 гектарға қарбыз өсіріп, 27 тн. дән алынып шет елге экспортталған.

«Биылғы жылдан бастап, аталған технологияны Түркістан – Шымкент бағытындағы жол бойында 500 га алқапқа ендіру жоспары түзілді. Өңірде ұсақ шаруаларды біріктіре отырып, ірі инвестициялық жобаларды іске асыру аясында Түркістан қаласы айналасында азық-түлік белдеуін құру жобасын ерекше атап өтуге болады. Өткен жылы Кентау қаласы, Шаға ауылында «Түркістан Агро XXI» ЖШС-нің базасында 125 жеке шаруаларды біріктіру есебінен 1000 га алқапта кооператив құрылып, 161 га алқапқа жаңбырлатып суғару технологиясы ендіріліп, заманауи техникамен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда 800 га алқапқа жаңбырлатып суғару технологиясын орнату жұмыстары жүргізіліп, сапалы мал азықтық қор жасақталып, құны 3,6 млрд теңгені құрайтын «1200 бастық замануи тауарлы сүт фермасын» жобасы іске асырылады»,- деді Өмірзақ Шөкеев.

Жалпы, аталған жобалар аясында өңірде 11,0 мың га алқапқа жаңбырлатып суғару технологиясымен құны 31,6 млрд теңгені құрайтын 7 ірі инвестициялық жобалар іске асыру басталған.



Соңғы жаңалықтар