Түркістан облысында азық-түлік топтамасын кімдер ала алады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Халықтың жекелеген санаттарын азық-түлікпен қаматамасыз ету тетігі іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияcы отырысында берген тапсырмасына сәйкес, республика бойынша төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, қажетті заттармен атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 6-18 жас аралығындағы балаларымен қоса өзге де мүшелері қамтылады.

Ал, карантин аумағында қалған қалалар үшін:

- I және II топқа жататын мүгедек ересек адамдар және балалар;

- Мүмкіндігі шектеулі бала күтімімен үйде отырған ата-аналар аталмыш көмекті ала алады.

Құны 2 АЕК-тен төмен емес азық-түлік және тұрмысқа қажетті заттар құрамын жергілікті атқарушы билік айқындайды. Азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтармен қамтамасыз ету көмек алушы тұлғалардың шоттарына ақшалай қаражатты аудару жолымен немесе заттай түрде жүзеге асырылады. Республикалық бюджеттен бір адамға бөлінетін жиынтық бағасы 5 647 тг құрайды. Берілетін көмек көлемін ұлғайту жергілікті бюджеттен қарастырылады.

Айта кету керек, бұл жиынтық құрамына антисептик, бетперде, қолғап секілді қорғаныс құралдары кірмейді. Түркістан облысы карантин аймағына кірмейтіндіктен, жоғарыда аталған көмек АӘК алатын отбасының 6-18 жас аралығындағы балаларына ғана беріледі.

Сонымен қатар, Елбасының «Біз біргеміз» атты бастамасын қолдау мақсатында, «Nur Otan» партиясының барлық филиалы республикалық маңызы бар қалаларда, облыс орталықтарында және халқы 85 мың адамнан асатын қалаларда жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармаларымен және бөлімдерімен бірлесіп, «BizBirgemiz» қорының қаражатынан көмек көрсетеді.

Қордан көмек алушылар жеті санатқа бөлінген:

- аз қамтылған көпбалалы отбасылар;

- I топтағы мүгедектер;

- мүгедек бала күтімімен отырған адамдар;

- зейнеткерлер (ең төменгі және төмен зейнетақы алатындар);

- жетім балалар және бір асыраушысынан айырылған балалар;

- ҰОС мүгедектері және оларға теңестірілгендер;

- тыл еңбеккерлері.

Қазіргі таңда облыс бойынша «Біз біргеміз» қорынан көмек алатындар тізімі жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бөлімі тарапынан жасақталды.


Соңғы жаңалықтар