Түркістан облысында бір күнде 4 мыңға жуық адам тұмауға қарсы вакцина алды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Биыл тұмауға қарсы вакцина егу жұмыстары жылдағыдан ерте, яғни 15 қыркүйекте басталды. Бір күнде Түркістан облысы бойынша 4000-ға жуық азамат вакцина қабылдаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңірдегі медициналық ұйымдар сапалы әрі тиісті зертханалық сынақтан өткен вакцинамен қамтылғанын көрсету үшін Түркістан қалалық орталық емханасының басшылығы мен қызметкерлері екпені өздеріне бірінші болып салдырды.

Облыс орталығындағы емханада биыл 11 500 адамға екпе салу жоспарланған.


«Жылда күз келгенде ЖРВИ мен тұмаудың өршитіні мәлім. Бірақ, биыл халықты вакцинациялау аса қажет. Өйткені коронавирус инфекциясы тұмаумен қабаттасып, эпидемиологиялық жағдайды асқындыруы мүмкін», – дейді Түркістан қалалық орталық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Серік Әбдіқұлов.


Екпе егу жұмыстарының алғашқы күнінде емханада 400-ге жуық адамға тұмауға қарсы вакцина салынды. Оның 166-сы - медицина қызметкерлері.

Вакцина созылмалы ауруы бар 18 жасқа дейінгі балаларға, медицина қызметкерлеріне, жүкті әйелдер мен балалар үйлері және мектеп-интернаттарының тәрбиеленушілеріне, мүгедектер мен созылмалы ауруы бар адамдарға, 60 жастан асқан қарияларға тегін салынады.

Тұмауға қарсы жоспарлы екпе егу жұмыстары қараша айына дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар