Түркістан облысында екі адамды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші ұсталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында полицейлер екі адамды қағып, жол-апатын жасап, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Бәйдібек АПБ-нің кезекші бөліміне түнгі уақытта Шардара ауданының тұрғыны арызданып, Шымкент-Самара тас жолының бойында белгісіз көлік оларды қағып кетіп, жанындағы серіктесі мерт болғанын хабарлайды.

Полицейлер жүргізуші мен оның көмекшісі жол жиегінде бұзылып тұрған «VAN Hool» маркалы жолаушы тасымалдайтын автобус көлігінің ақауын тексеріп тұрғанын, осы уақытта «Газ-53″ маркалы машинасы бұзылып тұрған автобусты жанамалай соғып, одан кейін бұларды қағып, жол-көлік оқиғасын жасағаны белгілі болды. Кінәлі жүргізуші оқиға орнынан бой тасалап, қашып кеткен. Салдарынан автобустың жүргізушісі жеңіл дене жарақаттарын алса, оның көмекшісі оқиға орнында қаза болған.

Бұл жол-көлік оқиғасы Бәйдібек АПБ-не Қазақстан Республикасы ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігімен және ҚР ҚК-нің 347-бабымен тіркеліп, қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары басталды. ​​​​​​Жол-көлік оқиғасына қатысы бар жасырынған жүк көлігі мен оның жүргізушісін ұстау мақсатында Бәйдібек аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шаралар кешені жүргізілді. Нәтижесінде Сайрам ауданындағы жөндеу жұмыстарын жүргізетін орындардың бірінен табылып, бұл жүк көлігінің жол-көлік оқиғасына тікелей қатысы бары дәлелденді. Содан аталған автокөлікті жөндеуге қалдырып кеткен күдіктінің жеке-басы анықталды, ол Сайрам ауданының тұрғыны болып шықты. Тексеру барысында күдікті адам өліміне соқтырған жол-көлік оқиғасын жасап, оқиға орнынан бой тасалағанын толық мойындады. Күдікті қамауға алынып, оның жүк көлігі айыптұраққа қойылды. Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша автокөлікке тиісті сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.​​​

Түркістан облысының полицейлері жол қозғалысына қатысушыларға жолда абай болуға және жол қауіпсіздігі ережесін бұзбауға, жылдамдықты асырмауға, қашықтықты сақтауға, ал жол-көлік оқиғасы болған жағдайда оқиға орнынан кетпеуге кеңес береді.


Соңғы жаңалықтар