Түркістан облысында ерлі-зайыпты азаматтар блокпостарда үш ай қызмет еткен

None
None
САЙРАМ. ҚазАқпарат – Covid-19 пандемиясына байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланғанда Түркістан облысында тұратын ерлі-зайыпты блокпосттарда күні-түні қызмет етті.

Сайрам ауданында учаскелік полиция инспекторы болып қызмет атқаратын Рысдәулет Сүйеубеков жары Жансая Ералхан екеуі пандемияға қарсы іс-шараларға белсенді атсалысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Карантин енгізілгеннен бастап полиция қызметкерлері мен медицина мамандары бірлесіп, сақтық шараларын қолға алғанда әрбір ауылға, елдімекенге блокпостар қойылғаны белгілі. Онда полиция мен медицина қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеді. Осындай азаматтардың қатарында Сайрам АПБ қызметкері Рысдәулет Сүйеубеков пен емханада медбике болып еңбек ететін Жансая Ералхан да бір кісідей кезекшілікте болды. Учаскелік инспектор Сайрам ауданына кіреберістегі жағдайды қадағаласа, Жансая Шымкенттегі бекетте тұрғындарды тексеріп тұрған. Ал, үйдегі бала-шағасын әжелеріне аманаттапты. Жас отбасы осылайша үш ай бойы отбасынан жырақта жүріп, өздеріне жүктелген жұмысты абыроймен атқарып шықты.

«Қауіп қатермен бетпе-бет келіп, пандемияға қарсы іс-шараларға атсалыстық. Жалпы қауіпті аурумен күресте барлығымыз антқа адалдық таныттық. «Біз біргеміз» ұраны бәрімізді жігерлендіре түсті. Қандай жағдай болмасын, әрқашан еліміздің тұрақтылығы мен азаматтарымыздың бейбіт өмірі үшін жүктелген міндеттерді орындауға әзірміз. Қауіпсіздік шараларын өзіміз де қатаң ұстандық. Қолғаптар мен бетпердені, киімдерімізді уақтылы ауыстырып, залалсыздандыру жұмыстарын уақытылы атқардық. Көзге көрінбейтін вируспен күрес, әрине оңай болған жоқ», – дейді полиция аға лейтенанты.

Бүгінде учаскелік полиция инспекторы өзіне бекітілген аймақта қалыпты жұмысқа кіріскен. Ал, жары Жансая болса Шымкенттегі жұмысына барып келіп жүр.


Соңғы жаңалықтар