Түркістан облысында мақтаның 90 пайызы терілді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында биыл 125,8 мың га алқапқа мақта дақылы егілді. Қазіргі таңда терім науқанының 90 пайызы орындалып, 298,7 мың тонна шитті мақта жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мақтаның түсімі гектарына 24,3 центнерден. Жалпы жиналған ақ алтынның тең жартысынан астамын 500-ге жуық комбайн терді.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев аймақтағы мақта терімінің барысымен танысу мақсатында, Кентау қаласындағы Қарашық елді мекенінде орналасқан «Тұран» шаруа қожалығында болды. Кооперативте тамшылатып суару технологиясы қолданылған мақтаның егіс алқабында мақта және мақта талшығы өнімдері өндіріледі. Облыс әкімінің орынбасары іссапар барысында сондай-ақ, отбасылық ферманың жай-күйімен танысты.


«Егіс көлеміне әртараптандыру жұмысы жүргізіліп, өткен жылмен салыстырғанда шитті мақта бағасының ұлғайғаны байқалады. Нәтижесінде өнімнің тоннасына орташа бағасы 160-165 мың теңгеден қабылданып жатыр. Бұл өз кезегінде мақта дақылын өсірумен айналысатын 15 мың агроқұрылымда жұмыспен қамтылған 125 мың адамның әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсартуға оң ықпал етуде», - деді Ұлан Тәжібаев.


Өңірде мақта өнімділігінен Ордабасы және Мақтаарал аудандары көш бастап тұр. 18 мақта өңдеу зауытының 166 қабылдау бекеті шитті мақтаны қабылдаумен айналысуда.

Мақта шаруашылығын мемлекеттік қолдау үшін көктемгі және күзгі дала жұмысына нарықтағы бағадан арзан 76,2 мың тонна жанар-жағар май босатылды.

Сонымен қатар, 30 мың агроқұрылымға минералды тыңайтқыш пен зиянкестерге қарсы қолданылатын биоагенттің 50 пайыз шығыны субсидияланып, мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Бұдан бөлек, құны 6 млрд теңге 891 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, 1,2 млрд теңге инвестициялық субсидия төленді.


Соңғы жаңалықтар