Түркістан облысында медицина саласының үздіктері марапатталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастырумен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиында медицина саласының дамуына өз үлестерін қосып жүрген бірқатар қызметкер марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысы Мұқан Егізбаев бүкіл ғұмырын медицина саласына арнап, ерен еңбектерімен ерекшеленген дәрігерлер мен медбикелерді осынау ұлық мерекемен құттықтады.

«Егемендік алғалы үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Мінеки, Түркістан облыс орталығы мәртебесіне ие болды. Еліміз тәуелсіздік алған 28 жыл ішінде ынтымақты ұран, татулықты ту ете отырып, толағай табыстарға жетті. Медицина саласы соның бір көрінісі деуге лайық. Мәселен, биылғы жыл Жетісай, Атакент, Мырзакент, Кентау қалалары мен Сайрам ауданында бірден бес жаңа емхана құрылысымен ерекшеленді. Сонымен қатар шалғай ауылдарда 19 модульдік медициналық пункт пайдалануға берілді. Келесі жылы Арыс қаласында, Сарыағаш және Келес аудандарында емханалар салынатын болады», - деді Мұқан Егізбаев.

Басқарма басшысы сондай-ақ, Түркістан қаласында көпсалалы аурухананың құрылысы басталатынын атап өтті. Оның сөзінше, облыс бойынша жалпы барлық медициналық мекеме 100 пайыз ақпараттық жүйеге қосылған.

«Соның арқасында кезекте тұру уақыты қысқарды. Үйден шықпай, талдау нәтижелерін алуға, дәрігерді үйге шақыруға болады. Қағазды үнемдеудің арқасында шығын 15 млн теңгеге қысқарды. 2020 жылы қаңтар айынан бастап медицина қызметкерлерінің жалақысы да көтеріледі», - деді ол.

Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шарада саланың 60-қа тарта маманы «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен және алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі мен «Еңбек ардагері» медалі, «Құрмет грамоталары» тапсырылды.

Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты.

Соңғы жаңалықтар