Түркістан облысында медициналық мекемелер санитариялық талапты бұзған

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында 660 медициналық нысан тексеріліп, санитариялық талаптарды сақтамаған медициналық мекемелерге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі жыл басынан бері өңірдегі 660 медициналық нысанды тексерді. Нәтижесінде, кейбір ауруханалардың жұмысты үйлертіру іс-шараларына байланысты кемшіліктер анықталған. Атап айтар болсақ, ыстық судың болмауы, желдеткіштің орнатылмағандығы, медициналық қалдықтарды жинауға және сақтауға қойылатын талаптардың сақталмауы сынды бірқатар кемшіліктерге жол берілген. Тексеру қорытындысымен 623 жеке және заңды тұлға 32 487 313 теңге сомасында айыппұл төлейтін болды.

Сондай-ақ, кемшіліктердің жою бойынша 20 санитарлық ұйғарым беріліп, 7 материал сотқа өтті.

«Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті халықтың санитариялық саламаттылығын сақтау мақсатында медициналық мекемелердің басшыларына, жауапты өкілдеріне ҚР ДСМ Денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар мен қағидаларды сақтауға және нормативтік құқықтық актілер бойынша жұмыс жасауға шақырады», - дейді Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Ардақ Берден.

Айта кетейік, Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бақылауында меншік нысанына қарамастан 1 752 медициналық ұйым бар. Оның 123 стоматологиялық клиникалар мен кабинеттер.


Соңғы жаңалықтар