Түркістан облысында ноутбуктер жеткізу кезінде 2,5 млрд астам теңгені жымқырған

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында қашықтықтан оқыту үшін ноутбуктер жеткізу кезінде 2,5 млрд астам теңгені жымқыру дерегі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Пандемияға байланысты қашықтықтан оқыту әлемнің барлық елдерінде де білім беру процесінің негізгі әдісіне айналды.

Қазақстанда білім беру ұйымдарына мектеп оқушылары үшін 220 мыңнан астам компьютерлік техника сатып алынды.

Агенттік бюджет қаражаты жымқырылған мемлекеттік сатып алуды жүргізу кезінде бұзушылық деректерін анықтады.

Агенттіктің Түркістан облысы бойынша аумақтық департаменті «МТ-Сервис» ЖШС басшысына және облыс әкімдігінің Адам әлеуетін дамыту басқармасының лауазымды тұлғаларын қатысты бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуде», деп хабарлады Агенттіктің баспасөз қызметінен.

Атап айтқанда, мемлекет «2020-2025 жылдарға арналған ҚР Білім және ғылымды дамытудың» бағдарламасы аясында коронавирустық инфекция пандемиясы кезеңінде оқушыларды қашықтықтан оқыту үшін ноутбуктер сатып алуға ақшалай қаражат бөлді.

«МТ-Сервис» ЖШС директоры Түркістан облысы әкімдігінің «Адам әлеуетін дамыту басқармасы» ММ-мен 3,4 млрд.теңгеден астам сомаға 21 мың дана ноутбук жеткізуге шарт жасасты.

Алайда, 2,5 млрд теңгеден астам сомаға жеткізілген тауарлар Тапсырыс берушінің техникалық ерекшеліктеріне сәйкес келмеген.

Қазіргі уақытта кәсіпорын директоры ҚПК-нің 128-бабы тәртібінде ұсталды және оған қатысты тергеу соты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасын қолданды.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.


Соңғы жаңалықтар