Түркістан облысында «Шардара Армспорт» клубының жаттығу алаңшалары ашылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысындағы «Шардара Армспорт» клубының жаттығу алаңшалары ашылды.

Салтанатты шараға Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай мен Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спортшылары еліміздің намысын әлемде қорғап, көптеген жетістіктерге жетіп жүрген клубтың алаңында «Біздің мақсат - Олимпиада» атты ескерткіш ашылды. Сондай-ақ, воркоут, футбол мен жазғы жаттығу алаңшалары пайдалануға берілді. Нысандардың ашылу салтанаты барысында алғашқы құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Қайрат Жолдыбай клубтағы спортшылардың жетістіктерін мақтанышпен айта отырып, алдағы уақытта олардың Олимпиада шыңын бағындыра берулеріне тілектестік білдірді. Ал, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев Шардара ауданында спорттың өте қарқынды даму үстінде екенін тілге тиек етіп, биылғы жылы республикалық жарыстар ұйымдастырылып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, әлем чемпиондарын жаттықтырып жүрген облыстық N4 ОРМБЖСМ директоры Арман Қарсыбаевқа ерекше алғысын жеткізді.

Айта кетейік, Шардара ауданы армрестлинг спортынан 34 әлем чемпионы, 39 әлем чемпионатының жүлдегері, 114 Азияның жеңімпазы, 252 Қазақстанның чемиондары шыққан. Бүгінде қол күрестен еліміздегі ұлттық құраманың 80 пайызын шардаралық спортшылар құрайды. Аталған жетістікке жетуде, «Шардара Армспорт» клубының негізін қалаушы, Түркістан облыстық №4 Олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Арман Қарсыбаевтың еңбегі орасан. Ол -2005 жылы Жапония елінде әлем чемионы болған. Сол кезеңнен бастап, шардаралық жігіттер еліміздің намысын әлемдік додаларда қорғап келеді.

Арман Романұлының бастамасымен спорт мектебінде садақ ату, күрес, бокс, ауыр және жеңіл атлетика бағыттары да қолға алынып отыр.


Соңғы жаңалықтар