Түркістан облысында СК-Фармацияның өңірлік қоймасына тексеру жұмыстары жүргізілді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Бүгінгі күні Түркістан облысының аумағында халықтың денсаулығын нығайту және эпидемиологиялық жағдайды ретке келтіру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Осы бағытта ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев бастаған жедел жұмысшы топ «СК-Фармация» ЖШС-нің Түркістан қаласындағы дәрілік заттар сақтайтын қоймасына арнайы барып, сұранысқа ие дәрі-дәрмектердің жеткізілу деңгейіне зерделеу жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мониторингтік жұмысшы топтың қойманың жұмысымен танысу барысында дәрі-дәрмектер облысқа қарасты Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Бәйдібек, Келес, Қазығұрт, Жетісай, Мақтарал, Отырар, Сарыағаш, Созақ, Шардара аудандарындағы емханалар мен ауруханаларға дер кезінде жеткізіліп отыратыны анықталды. Бұл қоймаға дәрі-дәрмек қоры негізінен «СҚ-Фармация» арқылы толықтырылып отыратыны және қоймадағы дәрі-дәрмектер бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік емханалар мен ауруханаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі негізінде таратылатыны белгілі болды.

Жүргізілген мониторинг барысында Хаким Дүйсешұлы вирусқа қарсы аса қажетті дәрілік заттардың емдеу орындарына дер кезінде жеткізілуінде ешбір кедергі болмау керектігін ескертті.

Айта кетейік, 11 шілде күні түркістандық дәріханаларға Алматы қаласынан аса қажетті дәрі-дәрмектердің 136 түрі жеткізілген болатын. Сондай-ақ, Өзбекстаннан 142 мың қорап дәрі-дәрмек жеткізіліп, мемлекеттік емханалар мен ауруханаларда емделіп жатқан науқастарға таратылмақ.


Соңғы жаңалықтар