Түркістан облысында су бөгетін сапасыз жөндеген лауазым иелері іздестіріліп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында су бөгетін сапасыз жөндеу кесірінен 4 елді мекенді су ала жаздады. Бұл туралы ҚР Төтенше жағлайлар министрі Юрий Ильин айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«9 сәуір күні Түркістан облысы Төлеби ауданындағы «Ащы» су қоймасының бөгетінде жарықшақ пайда болды. Бұл бөгеттің көлемі 4 мың текше метрден асатын. Дер кезінде сорғымен су шығарып, кәріздік жүйелерді ашу арқылы су қоймасын толтыру 20 пайыздан төмендетілді. Осылайша, төмен ағыста жатқан 17 мыңнан астам тұрғыны бар 4 елді мекенді су басу қаупі сейілді», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта құқық қорғау органдарымен бірге жұмыс жүргізіліп жатыр.

«3 жыл бұрын аталған гидротехникалық құрылысқа күрделі жөндеу жүргізген лауазымды тұлғаларға қатысты шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдары тиісті жұмыс жүргізіп жатыр», - деді Ю. Ильин.

Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрі елімізде 46 үй мен 67 автожолды су басқанын айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар