Түркістан облысында жаңадан мұнай өңдеу зауыты салынуда

None
None
ТҮРКІСТАН.ҚазАқпарат – Түркістан облысы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша өңірлер арасында көш бастап тұр. Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша облыста кәсіпкерлікті жеңілдетілген пайызбен несиелендіру үшін қабылданған бағдарламамен 60 млрд теңгені құрайтын 316 басым жоба пулы қалыптасқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Есептік жиында баяндама жасаған облыс әкімі өңір бойынша 15,2 млрд теңгені құрайтын 104 жобаны қаржы институттары қаржыландырғанын атап өтті.

«Аталған жұмыстардың нәтижесінде, шағын және орта бизнес саны 8,6%-ға, жұмыспен қамтылғандар саны 7,2%-ға (Республикада 2 орын) және өндірілген өнім көлемі 32,8%-ға (Республикада 1 орын) өсіп отыр. Сонымен қатар, олардың экономикадағы үлесі 20,4%-ды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен 2,7%-ға артты. Өздеріңізге белгілі, өңірде электроэнергиясы көздері тапшы. Сондықтан «Жасыл экономика» саясатын қолдау мақсатында, облысымызда баламалы энергия көздері бойынша 6 жоба іске асырылуда. Оның ішіндегі ірі жобалардың бірін атап өтсем, ол «EcoProTech Astana» ЖШС-гі Сарыағаш ауданында қуаты 20 МВт құрайтын күн электр станциясын іске қосты. Жоба құны 13,3 млрд теңгені құрайды»,- деді Өмірзақ Шөкеев.

Облыс әкімі өнеркәсіп саласын әртараптандыру аясында «Standard Petroleum & Co» ЖШС-нің жобалық құны 95 млрд теңгені құрайтын 1000 жуық жаңа жұмыс орны ашылатын мұнай өңдеу өнеркәсібі зауытының құрылысы басталғанын атап өтті.

«Ағымдағы жылы құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңі іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл зауыт Тәуелсіздік алғалы бері заманауи құрал жабдықтармен жабдықталған алғашқы мұнай өңдеу зауыты екенін айта кету керек. Іске қосылғаннан кейін қуаттылығы жылына 2 млн тонна өнім шығаратын болады»,- деді Өмірзақ Естайұлы.

Айнұр Ақбаева


Соңғы жаңалықтар