Түркістан облысында жергілікті тұрғынның үйінен қызыл кітапқа енген бүркіт табылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында жергілікті тұрғынның үйінен қызыл кітапқа енген бүркіт табылды. Мұндай заңбұзушылық әрекетті өңірлік полицейлер «Браконьер» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында анықтаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, рейдтік іс-шаралар кезінде Бәйдібек АПБ ЖПҚ-ның қызметкерлері бүркітті жергілікті тұрғынның заңсыз ұстап отырғанын анықтаған.

«Аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы «Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бүгінгі таңда ұсталған азамат қолхат арқылы жіберілді» делінген хабарламада.

Тәртіп сақшылары табылған бүркітті Шымкент қаласындағы хайуанаттар бағына өткізген. Айта кетейік, өңірде «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде полицейлермен 3 экологиялық қылмыс тіркелген. Оның ішінде заңсыз балық аулау мен жер қойнауын пайдалану жайттары бар. Сондай-ақ, 174 әкімшілік құқық бұзушылық бойынша миллион теңгеге жуық айыппұл салынған. Браконьерлерден тіркелмеген 6 дана аңшы мылтығы мен 4 центнер заңсыз ауланған балық және балық аулау құралдары тәркіленген.





Соңғы жаңалықтар