Түркістан облысында жыл соңына дейін 400 бала оңалтудан өтеді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында жыл соңына дейін 400 бала оңалтудан өтеді. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры Дариға Назарбаеваның Шымкент қаласындағы «Қамқорлық» оңалту орталығын аралау кезінде белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған орталық 2020 жылдың желтоқсан айында Елбасының «Қамқорлық» бастамасы аясында ашылған.

Шымкент қаласындағы облыстық балалар ауруханасында орналасқан. Орталықтың жалпы ауданы - 250 шаршы метр.

Орталық дамуында ауытқуы бар ерте жастағы балаларға арналған.

Мұнда балалар 21 күнге созылатын курстан өтеді. Амбулаториялық және стационарлық оңалту тегін көрсетіледі.


Дариға Назарбаева педагогтардың түзету сабақтарына, емдік дене шынықтыру және механотерапияның жеке сабақтарына қатысты.

Сондай-ақ, сараптамалық сыныптағы электроэнцефалографта және кешенді аудиометрде балаларды диагностикалық тексеру шараларымен танысты.

Айта кету керек, осы уақытқа дейін Түркістан облысында мұндай жабдықтар тек жекеменшік орталықтарда ғана болған.

«Ерте араласу орталығы моделінің ерекшелігі – аумағы мен мамандар тобының аз болғанына қарамастан әр балаға 70-ке дейін оңалту қызметін ұсыну мүмкіндігі. Үш оңалту курсы жұмысының нәтижелері баланың дамуына ерте кешенді әсер етудің маңыздылығы мен тиімділігін тағы да дәлелдейді. Әр балада оң динамика байқалады, ал бес сәбиіміз оңалту сабақтарынан кейін алғашқы қадамдарын жасады», - дейді орталық директоры Ләззат Кучкарова.

Нұрсұлтан Назарбаев қоры ерте араласу қызметін дамытудың тиімділігі мен қажеттілігін ескере отырып, Елбасының «Қамқорлық» бастамасының екінші кезеңі аясында осындай орталық ашуды жалғастырады.


Дариға Назарбаева Түркістан облысындағы жұмыс сапары аясында Елбасының «Қамқорлық» бастамасы аясында ашылған инклюзияны қолдау кабинеттеріне де барды.

Ондағы балалармен танысып, жеке ассистенттерімен (тьюторларымен) әңгімелесті.

Тьютор сүйемелдеуін аутистік спектрі бұзылған әрбір оқушы әдеттегі сыныптағы сабақ кезінде де, инклюзияны қолдау кабинетінде де алады.


Соңғы жаңалықтар