Түркістан облысының блокбекеттеріндегі видеокамералар Ситуациялық орталыққа қосылған

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы аумағында орналасқан бекеттердегі бақылау камералары ситуациялық орталыққа қосылған. Облыс әкімдігі тарапынан құрылған орталықта штаб мүшелері тәулік бойы жұмыс атқаруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүкіл әлемді үрейге бой алдыртқан пандемия күре жолдарда қауіпсіздік шараларын күшейтуді мәжбүр етті. Бүгінде Түркістан қаласына кіреберістегі Ынтымақ, Кентау, Шәуілдір, Балтакөл блокбекеттерінде және Теміржол вокзалындағы бақылау-өткізу бекеттерінде 15 бейнебақылау камералары орнатылған. Олардың әрқайсысына «Сергек» камералары қосылып, барлық бейнежазбалар 30 күн бойы сақталады.


Бұдан бөлек 2 бейнебақылау камерасында автокөліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлерін тану жүйесі бар. Әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы және шетелдік нөмірлі көліктерді тіркеуге алу бойынша қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Онда полиция қызметкерлері мен дәрігерлер, жедел-жәрдем және төтенше жағдай қызметкерлері тәулік бойы қызмет етуде. Аймақта қауіпті инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша барлық қажетті медициналық, профилактикалық және ұйымдастыру шаралары қабылданған. Түркістан қалалық емханасының мамандары болса азаматтардың дене қызуын тексеріп, дәрігерлік бақылаудан өткізіп жатыр. Әзірге өңірде ауруға күдікті ретіне ешкім тіркелген жоқ.


Айта кетейік, блок-посттардан бір тәулікте екі мыңнан астам адам өтеді. Ел амандығы үшін тәулік бойы жұмыс істеп жүрген қызметкерлер үшін мүмкіндігінше барлық жағдай жасалған. Бекет басына ауыз су мен жарық жеткізіліп, шатырлы палатқалар құрылған. Коронавирус індетінің алдын алу мақсатында сондай-ақ, қаладағы қоғамдық орындарда сақтық шаралары қатаң бақылауға алынған. Жалпы, облыс әкімдігінің ұйымдастырумен тұрғындар сауалдарына шұғыл жауап беру үшін арнайы Call–орталық жұмыс істейді. Call – орталық 109 нөмірі арқылы тәулік бойы 24/7 форматта қоңыраулар қабылдауда. Инфекцияның алдын алу және онымен күрес бойынша барлық мәліметті облыс әкімдігінің «Түркістан COVID-19 облыстық шұғыл ақпарат тарату штабы» парақшасынан білуге болады.


Соңғы жаңалықтар