Түркістан облысының шаруалары калифорниялық қызыл құрттарды өсіруде

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында биогумус бизнесі дамып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ордабасы ауданы Бөржар ауылдық округіне қарасты Қайнар елді мекенінің тұрғыны Бақытжан Әсембеков калифорниялық қызыл құрттардың басын көбейтіп, биогумус өндіруде. Яғни, органикалық таза тыңайтқышты табиғи жолмен жасап жатыр.
«Бүгінде биогумусқа қажетті шикізат ауыл тұрғындарының ауласынан көптеп табылады. Енді соны кәдеге жаратып, төрт түліктің көңіне шылаушын қосып, қарашірікке, яғни, органикалық тыңайтқышқа айналдыру арқылы егістік жердің құнарын арттыруға болады. Жердің құнарлығы артып, ол 3 жылға сақталады. Бұл, бірінші кезекте шеттен келетін химиялық тыңайтқыштарға тәуелділікті азайтады», - дейді ол.

Калифорниялық қызыл құрттардың өмір сүру ұзақтығы – 15 жыл. Өте төзімді әрі тез көбейеді, өсімтал. Кез келген адам үй ауласында өсіре алады.
Қазіргі таңда бұл кәсіппен Ордабасы ауданында 15-ке жуық азамат шұғылданып келеді. Кешегі күні Бөржар ауылдық округіне қарасты Қайнар елді мекенінде аудан шаруаларына биогумус органикалық тыңайтқышын өндірудің қыр-сырын үйретуге арналған семинар-кеңес өтті.
Кездесуге Алматы, Ақтөбе қалалары мен Түркістан облысына қарасты барлық аудан-қалалардан 100-ден астам шаруа қатысты. Кездесуде сала мамандары биогумус бизнесі бойынша тәжірибемен бөлісіп, қатысушыларға кәсіпті қалай бастау керектігін егжей-тегжейлі баяндап, оның қыр-сыры бойынша толық ақпарат берді.


Соңғы жаңалықтар