Түркістанда адалдық құндылығына негізделген «Әділ сөйлеп, адал жүр» атты жаңа мурал салынды
Облыс орталығындағы «Отырар» ықшамауданында орын тепкен көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасына қазақ даласының төл перзенті, түркі халықтарының ұлы ойшылы Қожа Ахмет Ясауидың бейнесі кескінделген. Биіктігі 15 метрді құрайтын композицияның негізгі ерекшелігі ұлы ақынның «Әділ сөйлеп, адал жүр» деген терең тәрбиелік мазмұнға ие даналық сөзіне негізделіп салынған.
Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабайдың айтуынша, бұл жаңа туынды қала тұрғындарының арасында әділдік пен адалдық қағидаттарының кең дәріптелуіне және өскелең жас ұрпақтың өнегелі жолға бағыт бұруына негіз болмақ. Ахмет Ясауи бабамыздың ғибратты асыл сөздерінен бастау алған бұл келелі бастама алдағы уақытта Түркістан облысына қарасты барлық аудан-қалаларда өз жалғасын таппақ.