Түркістанда «Арай» байқауының жеңімпаздары анықталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласындағы Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театрында «Арай-2020» жас эстрада әншілері мен мәдени іс-шара жүргізушілерінің байқауы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

25 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан байқау ұлы ойшыл Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналды. Ондағы мақсат – ақын шығармаларын жастар арасында кеңінен насихаттап, жас талант иелерінің өнеріне қолдау білдіру.

Байқаудың деңгейін көтеріп, әділ өтуін қамтамасыз ету мақсатында халықаралық және республикалық театр фестивальдерінің жүлдегері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, Астана жастар театрының актері Әділ Ахметов және облыстық «Арай» орындаушылар байқауының 1996 жылғы гран-при иегері, халықаралық «Азия дауысы» фестивалінің жеңімпазы, әнші Бауыржан Исаев арнайы шақырылған.

Байқау қағидаларына сәйкес 3-5 ақпан аралығында облыс аумағындағы аудан, қалаларда өткізілген іріктеу кезеңіне 294 адам қатысып, 38 үміткер ақтық сынға жолдама алған.
Сайыстың нәтижесі бойынша әділ қазы алқасының шешімімен ән байқауының бас жүлдесіне Аплатон Рақымжан лайық деп танылса, «Алтын жұлдыз» дуэті жүлделі бірінші орынды иеленді. Ал, Жайна Әпсаттар екінші орыннан көрінсе, Ардақ Ысқақова мен Сәтдәулет Сүлейменов үшінші орын иегері атанды.

Ал, мәдени іс-шара жүргізушілерінің сайысында бас жүлде Инабат Абытханқызына бұйырса, Нұрайым Төлебек жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлады. Жасмина Анарбек екінші, Дастан Әлжанов пен Нүркен Абрахман үшінші орынды қанағат тұтты.

Бұдан бөлек, облыстық мәдениет басқармасының арнайы жүлдесі» - Мамырхан Жұбатовқа, «Көзімнің қарасы» номинациясы - Ернұр Әлібекке, «Көрермен көзайымы» номинациясы – «Ugai» тобына, «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» - Айжан Пірімжарға табыс етілді.

Сондай-ақ, іс-шара жүргізушілері арасынан облыстық мәдениет басқармасының арнайы жүлдесі» - Абзал Құралбаевқа, «Өлең сөздің патшасы» номинациясы - Алтынай Шырынханға, «Көрермен көзайымы» номинациясы - Нұрсұлтан Отарға табысталды.

Өнер додасының соңы гала-концертке ұласты.


Соңғы жаңалықтар