Түркістанда бау-бақшалы саябақ пайда болады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласында бау-бақшаға бөленген ерекше саябақ бой көтереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңа жоба бойынша Түркістан қаласының іргесінде орналасатын жасыл аумақта жеміс ағаштары мен жүздеген өсімдік түрлері өсіріліп, шағын көлінде аққу, қаздар жүзіп жүреді. Түркістандықтар мен киелі мекенге саяхат жасайтын меймандарға арналған демалыс орны 28 гектар алқапты алып жатыр. Саябақ жұмысына бау баптаған бағбандар арнайы шақырылады.

«Түркістан қаласында қазаны қайнаған құрылыс алаңдарында барлық жұмыстар жоспар бойынша жүріп жатыр. Төтенше жағдай ережелері қатаң сақталып, санитарлық талаптар күшейтілген. Жыл соңына дейін 15 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсыру көзделген», - делінген өңір әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

Сонымен қатар, мемлекеттік бюджет есебінен Түркістанда облыстық Құрылыс басқармасының тапсырыс беруімен 126 нысан құрылысы жүргізілуде. Атап айтсақ, жыл соңына дейін 900 орындық мектеп, әкімдік басқармалары мен департаменттер ғимаратының құрылысы аяқталады. «Тұңғыш Президент саябағы», «Желілік саябақ», «Арбат», «Бульвар», «Конгресс орталығы», «Нұр-Сұлтан алаңы», оқушылар сарайы, цифрлық кеңсе, бассейні бар үлкен спорт кешені, смарт сити байланыс желілері, қалалық саябақ, драма театр, ғаламат кітапхана секілді бірнеше сәулет жауһары ел игіліне беріледі. Демеушілер тарапынан бой көтерген «Керуен - Сарай» кешені, бес жұлдызды үш қонақүй және ең үлкен мешіт жыл соңына дейін есігін айқара ашады.

«Барлық құрылыс нысандарын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында жол, су, газ, жылу, кәріз, электр желілері құрылысы жүргізілуде. Жалпы, Түркістан облысының құрылыс басқармасы тапсырыс беруші және бағдарлама әкімшісі болып табылатын нысандарға 4 мыңнан астам жұмысшы жұмылдырылған», - деді ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар