Түркістанда биыл жаңадан салынған 70 нысан пайдалануға беріледі

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласында отандық және шетелдік белді құрылыс компаниялар тұрғындардың таңдауына сай сан түрлі үлгідегі баспананы тұрғызып жатыр. Облыс орталығында жыл соңына дейін жаңадан салынған 70 нысан пайдалануға берілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұрғын үйдің көптеп салынуының арқасында 2430 отбасы баспанамен қамтамасыз етіліп, 3604 жеке жер учаскесіне инфрақұрылым жүргізіледі.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс орталығында бой көтерген осынау көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс сапасын тексеріп, аяқталу мерзімін пысықтады. Қаланың сәулеттік келбетіне баса мән беретін өңір басшысы мердігерлермен кездесіп, көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы қасбетін әрлеуді жүктеді. Қолға алған жұмысты жауапкершілікпен атқаруды міндеттеді.

2020 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының аясында мемлекеттік бюджет есебінен 158 нысанның құрылысына 36,6 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 40 арендалық үй, 30 инженерлік инфрақұрылым нысаны мен 88 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.

Мемлекеттік бюджет есебінен сатып алу құқығынсыз арендалық 40 көпқабатты үй де салынуда. Жыл соңына дейін 978 пәтерлі 18 үйді пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, әлеуметтік кредиттік тұрғын үйді дамыту бағытында 7 қабатты 24 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. 1452 пәтер жыл соңына дейін тапсырылады деп жоспарланған.

Ал, құнды қағаздарды сату есебінен Түркістан қаласы әкімшілік іскерлік орталығында жаңадан 7, 9 және 12 қабатты 64 тұрғын үй салынып жатыр. 3987 пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысына 4,25%-бен 14,2 млрд теңге бөлінген.

Облыста мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасының сапалы орындалуын да сала басшылары қатаң бақылауға алған.


Соңғы жаңалықтар