Түркістанда іскер әйелдер форумы өтті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында «Әйел және бизнес» атты іскер әйелдер форумы өтті. Өңірдің нәзік жандылары бизнесті дамыту мәселесін қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырған ауқымды шараға 200-ге жуық бизнес өкілдері қатысып, өңірдің дамуына іспен атсалысу жайын сөз етті. Сондай-ақ әйелдерге бизнестің жүйелі дамуына жол ашу мәселелері көтерілді. Форумның жұмысы жергілікті әйел-кәсіпкерлердің төл өнімдері ұсынылған көрмеден басталды. Олардың қатарында экологиялық таза косметика, қол-өнер бұйымдары, ұлттық киімдер мен қолмен пісірілген тәттілердің түр-түрі бар. Басқосуда сөз сөйлеген облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Әбсаттаров өңірде белсенді әйелдер қатары күн санап артып келе жатқанын атап өтті.

«Қазіргі таңда бизнесті дамыту үшін жақсы жағдайлар қарастырылған. Тек жұмыс жасап, тәжірибе алмасып және қиындықтан қорықпау қажет. Бүгінгі форум – жаңа көптеген пайдалы жаңалықтар алмасу үшін ашық сөйлесу алаңы бола алады. Осы тұрғыда облыстық кәсіпкерлер палатасы әйелдер қауымына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын» ,- деді Дінмұхамед Әбсаттаров.

Форумның аясында әйелдер өз бизнестерінің шыңына шығу жолында жеткен жетістіктерімен қатар, өз тәжірибелерімен де бөлісті. Бизнес бастаудың жолында кездесетін түрлі кедергілер мен қандай жағдайда оған қаржы ала алатыны туралы мамандардың шеберлік-сабақтары өтті. Сондай-ақ, өңірлік Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Салтанат Төлегенова кәсіпкерлікке қыз-келіншектерді тарту және көмек көрсетудегі маңызды рөлін айтты.

«Қазір кеңестің құрамында – Түркістан қаласы мен облыстарынан жиналған 500 белсенді әйелдер бар. 2020 жылға қарай бұл санды 2 мыңға көбейтуді жоспарлап отырмыз. Мұнда тек ақыл-кеңес алуға ғана емес тәжірибе алуға да келуге болады. Аудандарда ұйымдастырылған түрлі оқыту курстары, бизнесвумендерге арналған форумдар осы мақсатта ұйымдастырылған болатын. Біз енді бастау алған бизнеске жол көрсетеміз және тиісінше қолдау да береміз»,- деді іскер әйелдер кеңесінің төрайымы.

Форум соңында облыста кәсіпкерліктің дамуына өз үлестерін қосып жүрген нәзікжандылар «Бизнес мақтанышы», «Үздік кәсіпкер», «Әйел кәсіпкерлігіне қолдау көрсеткені үшін» номинациялары бойынша марапатталды.

Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде әйелдер басқаратын орта және шағын бизнестің 43% Түркістан облысына тиесілі. Ал әйелдер басқаратын кәсіпкерліктің саны 62 мыңға жеткен. Бұл сан күннен-күнге өсіп, бүкіл саланың дамуына ықпал етуде. Өңірде кәсіпкер әйелдер үшін «Бастау-бизнес», «Жас кәсіпкер» секілді оқыту бағдарламалары қарастырылған. Гранттар мен несиелерді жеңіп алған әйел-кәсіпкерлердің саны алты жүзге жеткен. Ал «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында 400 қыз-келіншек өз бизнесін бастау мен дамыту үшін қаржыландыруға қол жеткізген.

Соңғы жаңалықтар