Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағы абаттандырылады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағын абаттандыру жөніндегі жобаларды үйлестірудің жедел мәселелері бойынша ғылыми-әдістемелік кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен басқосуда үйлестіру кеңесінің мүшелері «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі аумағындағы тарихи-мәдени орындарды абаттандыру мәселелерін жан-жақты талқылады.

Келелі басқосуға министрліктің Мәдениет және өнер департаментінің басшысы, ғылыми-әдістемелік кеңестің төрайымы Күміс Қарсақбайқызы мен ЮНЕСКО өкілдері, сарапшылар, тарихшылар мен ғалымдар, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Түркістан қаласы әкімдігінің өкілдері, «Қазқайтажаңарту» кәсіпорны мен құрылыс компаниялардың басшылары, сәулетшілер қатысты.

Айта кетейік, ағымдағы жылы «Базис – А» құрылыс компаниясы кесене маңындағы Мүсәлла, Тәкия қақпалары маңы, «Түркістан тарихы» музейі және Ардагерлер аллеясы аумағын абаттандыру мақсатында дренаж жұмыстарын жүргізді. Ал, қорық-музей құрамына кіретін тарихи және сәулет ескерткіштерін қайта қалпына келтіру жұмыстарын «Қазқайтажаңарту» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны атқарды.

Жалпы, ЮНЕСКО-ның 27-сессиясында дүниежүзіндегі «Мәдени мұра» тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі талай ғасырдан бері мұсылманшылықтың алтын бесігі болып келеді. Оны бүкіл қазақ жұрты, түркі әлемі ерекше қасиет тұтады.Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – түркі әлемінің рухани орталығы саналады. Қорық-мұражай алып жатқан жердің жалпы көлемі 88,7 гаектарды құрайды. Қорық-мұражай Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен бірге Үлкен қылует (жер асты мешіті, XII ғ.), Сегіз қырлы кесене (XIV-XVI ғғ.), Ұлықбектің қызы, Әбілхайыр ханның зайыбы Рәбия Сұлтан Бегім кесенесі (XV ғ.), Шығыс моншасы (XVI-XVII ғ.), Есімхан кесенесі, Жұма мешіті және тағы да басқа археологиялық, тарихи, сәулет және бейнелеу өнерінің үздік ескерткіштерін қамтиды.

Соңғы жаңалықтар