Түркістанда «Менің туым, менің Отаным!» атты патриоттық акция өтті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласындағы «Turkistan» автобекетінде 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай «Nur Otan» партиясы және автобекеттің басшылығының қолдауымен «Менің туым, менің Отаным!» атты патриоттық акциясы жалғасын тапты. Жаңадан ашылған автобекеттің алдына тутұғырға көк байрағымыз салтанатты түрде орнатылып, желбіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған шара мемлекеттік туды тұрақты түрде қоғамдық орындарда, туристік нысандарда, сауда және ойын-сауық орталықтарында, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында орналастыру мақсатында ұйымдастырылды. Бұған дейін «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен облыстың аудан, қалаларындағы ғимараттар мен мекемелерге 50-ге жуық ту ілініп үлгерді. Аталған бастаманы жұрт қызу қолдап жатыр. Мерекелік жиында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев жұртшылықты ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтап, Елбасының елді дамыту жолындағы еңбегіне тоқталды. Облыста қолдауға ие болған «Менің туым, менің Отаным!» акциясының маңызы зор екенін айтты.

Акцияға қатысушылар арасында Түркістан облыстық мәслихат депутаттары, «Jas Otan» жастар қанатының белсенділері мен Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімі, мәдениет бөлімі, Түркістан қаласында орналасқан орта арнаулы оқу орындарының белсенді жастары да болды.

Іс-шара барысында патриоттық әндер шырқалып, өлеңдер оқылды. Акцияны ұйымдастырған партия филиалының өкілдері көпшілікке мемлекеттік рәміздерді дәріптеуге арналған бастамаға қолдау көрсетуге шақырды.

Айта кетейік, енді бұдан былай Түркістан қаласына келген қонақтар заман талабына сай жарақтандырылған әрі көк туы желбіреп тұрған автобекетке келетін болды.

Соңғы жаңалықтар