Түркістанда үздік жас әнші анықталады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Түркістан қаласында «Арай-2020» жас эстрада әншілері мен мәдени іс-шара жүргізушілерінің байқауы басталды. Жас таланттарды анықтайтын конкурс бұл жолы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәдени шара ақынның шығармаларын жастар арасында кеңінен насихаттап, жас талант иелерінің өнеріне қолдау білдіру иақсатында ұйымдастырылды.

Байқаудың ашылу салтанатында сөз алған Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Асылхан Темірхан мұндай шаралардың жас таланттардың ерте әрі тез танылып, республикалық, халықаралық байқауларға қатысуына жол ашатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол әділ қазы құрамы мен барша қатысушыларға сәттілік тіледі.

Айта кетейік, қатысушылар алдын ала Түркістан облыстық мәдениет басқармасымен бекітілген байқау қағидаларына сәйкес 3-5 ақпан аралығында өз аудан-қалаларында өткен іріктеу кезеңінде жеңіп шыққан болатын. Онда 294 үміткер қатысып, 38-і соңғы кезеңге жолдама алған. Бүгін осы үміткерлер өзара кім мықтыны анықтайтын болады. Өнер сайысының деңгейін көтеріп, әділ өтуін қамтамасыз ету мақсатында қазылар алқасының құрамына танымал әншілер мен актерлер да шақыртылды. Солардың бірі халықаралық және республикалық театр фестивальдерінің жүлдегері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, Астана жастар театрының актері Әділ Ахметов пен облыстық «Арай» жас ән орындаушылар байқауының 1996 жылғы гран-при иегері, халықаралық «Азия дауысы» фестивалінің жеңімпазы, әнші Бауыржан Исаев бар.

«Менің де өнердегі алғашқы қадамым осы фестивальден басталған. Сондықтан қазылар алқасына мүше болуды ұсынғанда ерекше толқыдым. Бір жағынан үлкен жауапкершілік жүктелгенін сезіндім. Міне, бүгін осы байқаудың әділ қазы алқасының мүшесі ретінде нағыз талант иесін анықтауға келіп отырмыз. Қазақта «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген қанатты сөз бар. Сондықтан барша қатысушы үміткерлерге сәттілік серік болсын дегім келеді», - деді байқау алдындағы баспасөз мәслихатында сөз алған Бауыржан Исаев.

Еске салайық, «Арай-2020» байқауы өңірде 1995 жылдан бері өткізіліп келеді. Бүгін кешкісін оның жеңімпаздары анықталып, марапаттау рәсімі гала-концертке ұласпақ.


Соңғы жаңалықтар