Түркістандағы тайқазанның құйылғанына 620 жыл толуына орай көрме ашылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде тұрған тайқазанның құйылғанына 620 жыл және тарихи орнына оралғанына 30 жыл толуына орай «Қайта оралған жәдігер» атты көрме ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен өткен ашылу салтанатына филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек пен тарих ғылымдарының кандидаты, Тайқазан тарихын зерттеуші Ділдәш Мұстапаева сынды тарихшы ғалымдар қатысты. Сондай-ақ, бірқатар зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары және музейге келуші қонақтар қатысты.

Жиынға келгендер тайқазанның тарихы мен жәдігердің маңыздылығы жөнінде пікірлерін білдірді.

Айтулы шараны музей директоры Нұрболат Ахметжанов сөз сөйлеп ашып, құнды мұраның жасалу тарихынан бастап, әрбір элементтерінің мән-мағынасын кеңінен насихаттау бүгінгі шараның басты мақсаты екенін жеткізді. Кесенедегі тарихи жәдігерлердің бірегейі қасиетті Тайқазан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласындағы «Ұлы даладағы ежелгі металлургия» бағыттарының мәнін ашатын құнды мұра екенін атап өтті.

Аталған көрменінің экспозициясына 50-ге жуық жәдігер қойылды. Олардың қатарында орыс саяхатшысы А.Кунның альбомындағы 1864 жылғы фотосуреттер мен 1935 жылы Тайқазанды Санкт-Петербургке алып бара жатқандағы мұрағаттық суреті бар. Эрмитаж музейінің экспозициясына қойылған бірегей фотосы және 1989 жылы Эрмитаж музейінен Тайқазанды шығарып жатқан сәтінің мұрағаттық суретін кездестіруге болады. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келген тұлғалардың фотосуреттері және қорық-музейдің мұрындық болуымен 2009-2014 жылдар аралығында өткен жастар арасындағы қазақ күресінен республикалық «Тайқазан» турнирінің фотосуреттері, медалдары мен мұрағаттық құжаттары көрермен назарына ұсынылған.

Айта кетейік, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталған ортағасырлық Тайқазан 620 жыл бұрын, яғни 1399 жылы Түркістаннан 25 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекеніндегі Тұранның билеушісі Әмір Темірдің бұйрығымен Әбділ Әзиз Шарафуддин Тебризи шебердің ұстаханасында құйылған. Тайқазан алтын, күміс, мыс, қола, қорғасын, мырыш, қалайы сынды жеті түрлі металдардың қосындысынан жасалған. Тайқазан 1935 жылы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласында өтетін Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға жіберілгенімен 54 жылдан кейін, яғни 1989 жылдың 18 қыркүйегі күні тарихи отанына қайта жеткізілген. Тайқазанның тарихи мекеніне оралуына мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің қосқан үлесі зор.

Тарихи маңызы зор көрме бір ай бойы келушілердің назарына ұсынылатын болады.



Соңғы жаңалықтар