Түркістанның жаңа мәртебесі қалаға инвестиция тартуға көмектеседі – сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Түркістанның жаңа мәртебесі қалаға инвестиция тартуға көмектеседі. Мұндай пікірді Нұрсұлтан Назарбаевтың қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«31 наурызда Түркі кеңесінің бейресми саммиті өтті. Оған жеті түркі тілдес мемлекеттің көшбасшылары қатысты. Түркістанда өтеді деп жоспарланғанмен, эпидемиологиялық жағдайға байланысты іс-шара онлайн режимде өтті. Соған қарамастан, іс-шара мазмұнды және түркі елдерінің серіктестігін дамудың жаңа кезеңіне шығара алатын маңызды мәлімдемелер мен келісімдерге толы болды. Кеңесте қаралған өзекті мәселелердің бірі – Түркістанның түркі әлемінің рухани астанасы ретінде тану туралы декларацияға қатысты болды. Кездесу барысында бұл құжат бірауыздан мақұлданды. Бұл іс-шара Түркістанның және жалпы Оңтүстік Қазақстан облысының дамуына оң әсерін тигізетін қазақстандық дипломатияның жетістіктеріне жатқызылуы керек», - дейді Нұрсұлтан Назарбаевтың қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков.

Оның айтуынша, Түркістанның жаңа мәртебесі қалаға инвестиция тартуға көмектеседі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев самитте атап өткендей, Түркістанның мүмкіндігі көп және кең ресурстық базасы бар.

«Қазіргі уақытта облыс орталығында жалпы құны 1,4 млрд долларды құрайтын ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Түркістанның инвестициялық әлеуетін ілгерілету арқылы жеке инвесторларды, оның ішінде шетелдік инвесторларды көбірек тартуға болады. Бұған Түркістан аймағында түркі елдерін біріктіретін еркін экономикалық аймақ құру туралы Елбасы айтқан бастама да ықпал етеді. Қаланың жаңа мәртебесі туристік әлеует үшін де керемет мүмкіндік. Түркістанның бүкіл түркі әлемінің қасиетті орталығы мәртебесін алуы Кеңес елдері мен жалпы әлем саяхатшыларының қызығушылығын арттыра алады. Статистикаға сүйенсек, пандемияға дейінгі кезеңде қалаға жылына орта есеппен миллионға жуық турист келген екен. Жергілікті әкімшіліктің жоспарына сәйкес туристер легі 2025 жылға қарай 5 миллион адамға дейін ұлғаюы керек», - дейді сарапшы.

Сонымен бірге, сарапшы атап өткендей, Түркістанды тұтастай түркі әлемінің рухани астанасы ретінде тануды Қазақстанның түркі интеграциясын ілгерілетудегі сіңірген еңбегін мойындау деп санауға болады.

«Түркі елдерінің барлық негізгі ынтымақтастық құрылымдары, соның ішінде ТҮРКСОЙ, ТҮРКПА Ассамблея кеңесі, Түркі академиясы, сондай-ақ Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің өзі Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бастамасы бойынша құрылды. Түркі кеңесінің дамуына қосқан үлесіне құрмет ретінде 2019 жылы оған Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің өмір бойы құрметті төрағасы болу мәртебесі берілді. Қазақстан Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін одан әрі нығайтуға және дамытуға мүдделі. Түркі интеграциясы біздің егемендігімізді нығайтады және Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі бағыттардың бірі болып саналады. Түркі кеңесінің арқасында біз түркі елдерімен жүйелі және көпжақты негізде жұмыс істеуге мүмкіндік аламыз», - дейді ол.

Сарапшының айтуынша, өткен онжылдықты ұйымның белсенді қалыптасу кезеңі деп санауға болады.

«Қазір Кеңес өзінің дамуында жаңа кезеңге жақындады. Бұл, ең алдымен, Кеңесті түркі мемлекеттерінің толыққанды ұйымына айналдыру міндетімен байланысты. Осы тұрғыда осы идеяның авторы болып саналатын Қазақстанның Тұңғыш Президентінің саммитіндегі сөзін атап өту керек. Ол өз сөзінде Қазақстан серіктестеріКеңес жұмысының деңгейін толыққанды халықаралық ұйымға көтеру бастамасын қолдайтынын мәлімдеді. Тиісті ереже Түркістан декларациясында жазылған. Осылайша, жақын арада Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Түркі мемлекеттері ұйымына қайта тіркеледі», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар