«Түркістанның жаңғыруы: Күлтөбе қалашығы» атты деректі фильм түсірілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Танымал қазақстандық режиссер Алексей Каменскийдің «Түркістанның жаңғыруы: Күлтөбе қалашығы» атты жаңа толықметражды жұмысын «YouTube»-тан көруге болады. Таспада археологиялық кинозерттеу көрсетілген, бұл біздің тарихи-мәдени жылнамамыздың тағы бір маңызды бөлігі. Бұл туралы ҚазАқпарат ХАА Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Түркістанның жаңғыруы: Күлтөбе қалашығы» деректі фильміне «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамалы мазмұны, Қазақстанда биыл қабылданған «Кинематография туралы» заң және кино мен киноиндустрияның тарихи-мәдени мұраларды дамыту мен қорғауы негіз болып тұр.

Фильм сюжетінде ERG (Еуразиялық топ) қаржылық қолдауымен Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының «Күлтөбе қаласындағы тарихи объектілерді қайта жаңғырту» ғылыми жобасы аясында басталған қазіргі уақытта Қазақстандағы ең ауқымды археологиялық экспедицияның өту барысы мен алғашқы нәтижелері баяндалған.

2019 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Түркістан қаласы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жақын жерде орналасқан Күлтөбе-Ясы ежелгі қаласын тарихи-археологиялық және этноәлеуметтік мәдени тұрғыдан кешенді зерттеу басталған болатын.

А.Каменский фильмі Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты жобаларының ішіндегі ең өршілі, онда Түркістан қаласы Орта Азияның мәдени-рухани орталығы ғана емес, жалпы аймақтың әлеуметтік-экономикалық аспектілері де көрініс табады. Болашақта Күлтөбе қалашығы ашық аспан астындағы заманауи архелогиялық саябаққа айналады.

«Фильмде біздің ғылыми жұмыстарымыз ауқымды және анық көрсетілген, кино арқылы археологтардың бірсарынды өмірі өзіне баурап әкететін «уақытқа саяхатқа» ауысады, ал Күлтөбе қаласы ғасырлардың, діндер мен мәдениеттің түйіскен жеріне айналып, Ұлы Даладағы Түркістанның рухани дәрежесін анықтайды. Көпшілік қауым фильмді жақсы қабылдап, оң пікірге ие болады деп үміттенеміз», - дейді жобаның ғылыми жетекшісі Андрей Хазбулатов.

Режиссер әрі сценарист Алексей Каменский елімізде және шет елдерде танымал бірқатар деректі фильмдерді түсірген. Олардың қатарында «Дешті-Қыпшақ: Құпия белгілер» (2015), «Марко Полоның Жібек жолы» (2017), «Қазақ ренессансы. Жұмат Шанин» (2017) және т.б. атап өтуге болады. А.Каменскийдің жұмыстары Қазақстан, Ресей, Қытай, АҚШ пен Италиядағы әртүрлі халықаралық фестивальдарда марапаттарға лайық деп танылып жүр.

«Заманауи киноның мүмкіндіктері – ұлттық тарих пен мәдениетті танытудың баға жетпес құралы. Ал бұл фильм ежелгі Ясыны құру мен дамытудың киношежіресі іспетті. Қызықты сюжеттен бөлек көрермендер қазіргі археологиялық қазба жұмысының маңызы мен машақатын да көре алады», - деп атап өтті өнертанушы Мадина Сұлтанқызы.

Кинолента режиссері Алексей Каменскийдің айтуынша, фильмде қойылымдар жоқ, барлық кадр тек табиғи түсірілімнің нәтижесі.

«Түркістанның жаңғыруы: Күлтөбе қалашығы» деректі фильмінде (2019) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, экс-иәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, шетелдік және отандық ғалымдар, ЮНЕСКО мен ИКОМОС сарапшылары мен «Күлтөбе қалашығындағы тарихи объектілерді қайта жаңғырту» жобасы аясында жұмыс істейтін археологтар және басқа да мамандардың сұхбаттарынан алынған кадрлар қолданылды.

«Фильмнің «Түркістанның жаңғыруы» деп аталуы жобамыздың негізгі идеясын ашып тұр. Бұл Түркістанның (Ясы) ең ежелгі бөлігі Күлтөбе қалашығының жаңғыруы және жылдар бойғы жер мен қоқыс үйінділерінен тазаруы. Алғашқы мәдени топқа жетіп, қазба жұмыстарын жүргізу үшін біз 100 мың текшеметр үйіндіні шығардық», - деп түсіндірді археологиялық қазба жетекшісі Серік Ақылбек.

Режиссердің ойы ежелгі Түркістанның ғажайып көріністері мен оның негізі - Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен жаңадан табылған Күлтөбе қаласындағы археологиялық нысандарды біріктіреді. «Нәтижесінде жалпы аймақтың тарихи ландшафтын түзетін өте күшті мәдени процестердің үлкен картинасы жасалады. Мұндай композициялық ой Түркістанды жаңа қырынан танытады. Ал бұл аймақты Қазақстанның заманауи туристік кластері ретінде мүмкіндігін кеңейтеді», - деп атап өтті мәдениеттанушы Жанерке Шайғозова.

«Түркістанның жаңғыруы: Күлтөбе қалашығы»деректі фильмі Түркістанға, оның тарихы мен мәдениетіне арналған алғашқы фильм. «Біз кинозерттеуді жалғастыруға ниеттіміз және 2020 жылы халық Күлтөбе мен Түркістанды әртүрлі дін мен мәдениеттің тоғысқан жері ретінде таныстыратын деректі фильмді көре алады», - деп қорытындылады жоба жетекшісі Алексей Хазбулатов.

Алейсей Каменскийдің «Түркістанның жаңғыруы: Күлтөбе қалашығы» фильмін төмендегі сілтеме арқыл көруге болады.



Соңғы жаңалықтар