Түркітілдес мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері Түркі кеңесіне Өзбекстанның кіруін құптады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әзербайжан астанасы Баку қаласында Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің (ТМЫК, Түркі кеңесі) VII Саммиті қарсаңында Түркі кеңесі Сыртқы істер министрлерінің отырысы өтіп, оған Министр Мұхтар Тілеуберді қатысты. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлайды.

Министрлік кездесулер Түркі кеңесі мемлекеттері басшыларының кездесулері мен шешімдерін әзірлеудің мазмұнды және ұйымдастырушылық мәселелерін талқылау мақсатында жыл сайын өткізіледі. Кездесу барысында Министрлер күн тәртібінің және қорытынды құжаттардың жобаларын келісті, оларға қол қою және бекіту мемлекет басшылары кеңесінің отырысында жоспарланып отыр. Іс-шара барысында 7-ші саммит Декларациясының қабылдануы және Түркі ынтымақтастығы ұйымдарының үйлестіру комитетін құру туралы шешім, сондай-ақ ТМЫК Хатшылығы мен Венгрия Үкіметі арасындағы ТМЫК Өкілдігін Будапештте орналастыру туралы келісімге қол қою күтілуде. Бұдан басқа, ТМЫК мемлекеттерінің басшылары Өзбекстан Республикасының ТМЫК-ты құру туралы Нахчыван келісіміне қосылуы жөнінде Бірлескен мәлімдемені бекітуді жоспарлап отыр.

Баку қаласында өткен кездесу қорытындысы бойынша министрлер 2019 жылы 19 қыркүйекте Будапешт қаласында (Венгрия) ашылған Түркі Кеңесі өкілдігінің қызметін реттейтін бірқатар құжаттарға қол қойды. Аталған құжаттар жаңа түркі ұйымдарының ұйымдық және қаржылық қызметін реттеп, олардың түркі әлемі мемлекеттері мен халықтарының игілігі үшін одан әрі жемісті қызметіне ықпал ететін болады.

Министрлердің жеке шешімімен Венгрияға Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры жанындағы бақылаушы мәртебесі берілді.

Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылы Нахычеван қаласында (Әзербайжан) құрылды. Түркі кеңесінің хатшылығы Стамбул қаласында (Түркия) орналасқан. 7-ші саммиттің қорытындысы бойынша Өзбекстан қосылғаннан кейін Кеңес мүшелерінің саны беске жетеді (Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан).

СІМК аясында Министр М. Тілеуберді Әзербайжан, Түркия және Венгрияның Сыртқы істер министрлерімен бөлек кездесулер өткізіп, олардың барысында осы елдермен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары талқылады.

Соңғы жаңалықтар