+7 (701) 759 90 19
USD 430.39 EUR 515.52
RUB 5.68 CNY 66.03
Jańalyqtar

Түркияда Абайға ескерткіш орнатылып, көшеге және саябаққа аты берілді - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

2021 жылғы 3 қаңтар 16:45
Бөлісіңіз:
Түркияда Абайға ескерткіш орнатылып, көшеге және саябаққа аты берілді - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қазақ қызы «cапа, стандартының таңдаулы адамы» атанды - Kaznews



Баян-Өлгий аймағының 2020 жылдың «Сапа, стандартының таңдаулы адамы» номинациясы сыйлығына Баян-Медиана компаниясына қарасты «Медиана» мейрамханасының директоры Риза Мизанбайқызы ие болды, деп хабарлайды Kaznews порталы.

Бұл сыйлық аймақтық Стандарт, метрология басқармасы тарапынан стандарттау, техникалық реттеу, сертификаттау және аккредитация туралы заңның, сондай-ақ метрология туралы заң баптарының орындалуына және тұтынушыларға стандарт талаптарына сай даяшылық қызмет көрсеткені үшін берілген.


Аталған сыйлықты басқарма бастығы Өмір Құрметұлы табыс етті, - деп жазады моңғолиялық басылым.

Иранның коронавирусқа қарсы алғашқы вакцинасы егілді - «Фарс» ақпарат агенттігі



Ирандық зерттеушілер жасаған коронавирусқа қарсы алғашқы вакцина егілді, деп хабарлайды parstoday.com.

Ирандық БАҚ-тың дерегінше, Имам Хомейнидің бұйрығын атқарушы штабының зерттеу тобы шығарған «COVIRAN Баракат» деп аталған коронавирусқа қарсы алғашқы вакцина клиникалық зерттеулердің бірінші кезеңіне жетіп, адамға егілген.

Бұл туралы аталмыш штабтың өкілі хабарлаған.

«Осы уақытқа дейін 65 000-нан астам адам вакцинаның сынағына өз еркімен қатысуға тіркелді. Сынақтың бірінші кезеңінде вакцина 56 адамға егілгенін Имам Хомейнидің бұйрығын атқарушы штабының ақпарат өкілі мәлімдеді», деп жазды «Фарс» ақпарат агенттігі.


Түркияда Абайға ескерткіш орнатылып, көшеге және саябаққа аты берілді - TRT




Түркияның бас қаласы Анкарада Абай даңғылы және ескерткіші ашылды. Сондай-ақ, Түрік елінің Чорум қаласында саябаққа ұлы ақынның аты берілді, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

Аталған БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, 25 желтоқсан күні Түркияның Чорум аймағында қазақ халқының ұлы тұлғасы, түркі әлемінің ұлы ақыны, композитор, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлы атындағы саябақ және Искилип ғалымдары мұражайында арнайы Абай бөлмесі ашылған.

Абайдың 175 жылдық мерейтойын кеңінен атап өту шеңберінде Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мен Чорум аймағы Искилип ауданының мэриясы бірлесіп қазақ халқының ұлы тұлғасын дәріптеу мақсатында арнайы іс-шара өткізді.

Саябақ пен мұражайдың ашылу салтанатына Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы қатысқан. Ол бауырлас Түркия халқы мен Чорум аймағының басшылығына қазақ халқы мен Абайға көрсеткен зор құрметтері үшін шынайы ризашылығын білдірді. Салтанатты ашылу рәсімі барысында Чорум губернаторының орынбасары Реджеп Юксел Абайдың құрметіне аймақта ашылған нысандардың қазақ және түрік халықтарының рухани әрі мәдени жақындығын көрсететін маңызды іс-шара екенін атап өткен.


«Чорум аймағы Искилип ауданының мэрі Али Сюлюк өз сөзінде Қазақстан мен Түркия тарихы терең бауырлас мемлекеттер екендігін және аймақта Абай саябағы мен Искилип ғалымдары мұражайында арнайы бөлменің салтанатты ашылуы екі мемлекет халықтарының мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге деген ұмтылысын растайтын айқын айғақ болғандығын айтты», деп жазды TRT.

Сондай-ақ осы аптада Түркияның бас қаласы Анкарада Абай ескерткіші орнатылды. Сонымен бірге Абай даңғылы да ашылды.

«Ұлы дала мақтанышы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Анкара қаласына қарасты Гөлбашы ауданында Абай даңғылы және ескерткіші салтанатты түрде ашылды», деп хабарлайды түркиялық БАҚ.


Ақсайда ерекше қорғалатын жабайы жануарлар көбейіп келеді - «Жэньминь жибао» (People Daily)



Апта соңында осындай тақырыптағы суретті ақпарат жарық көрді. Бұл ақпаратты басқа да қытайлық басылымдар жарыса жариялаған.

People Daily ақпараттық порталының дерегінше, Ақсай қазақ автономиялы ауданында соңғы жылдардағы дала жайылымын қорғаудың әсерінен экологиялық орта қалпына келе бастаған. Соның бір мысалы ретінде аталған өңірде жабайды қодастардың саны артып келе жатқанын айтуға болады.


«Қыс кезінде Қытайдың Гансу өлкесіндегі Ақсай қазақ автономиялы ауданының сахарасында көптеген жабайы жануарлар қарлы далада азық іздейді. Таяу жылдардан бері жайылымды қорғау, мал жаюды шектеу сияқты шаралардың атқарылуына байланысты, сахараның экологиялық ортасы қалпына келе бастады. Соның бір дәлелі жабайы жануарлардың түрі, саны артып келеді», деп жазады Қытайлық БАҚ.

Мектептерде уақытша өтілмеген пәндер 3 тоқсаннан бастап оқытылады - «ӨзА» ақпараттық агенттігі



Пандемия кезінде оқушылардың денсаулығы мен әлеуметтік қашықтықты сақтау және артық қарым-қатынасты болдырмау мақсатында оқу жылының бірінші және екінші тоқсанында дене шынықтыру, музыка мәдениеті, технология, бейнелеу өнері, сурет және т.б. сабақтарды уақытша өткізуге мүмкіндік болмады, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Халық білім министрлігі эпидемиологиялық ахуал тұрақталғанын, қазіргі кезде ел аумағындағы мектептердің барлығы дерлік жұмыс істеп 5,6 млн (90 пайыз) оқушы дәстүрлі түрде білім алып жатқаны белгілі. Осыған орай көптеген ата-аналардың ұсыныстарын ескере отырып жоғарыдағы аталған пәндер III ширектен бастап қайта жалғасатынын мәлімдеді», деп жазды өзбекстандық БАҚ.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

#БАҚ  
Бөлісіңіз:

Автор:

Бейсен Сұлтан

Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT