Түркияда Қазақстанның Тәуелсіздік күні тойланды

None
None
АНКАРА. ҚазАқпарат - Түркия астанасы Анкарада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні тойланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен өткен ресми қабылдауға Түркия Ұлы Ұлттық мәжілісі төрағасы Мұстафа Шентоп, бұрынғы министрлер, елшілер, инвесторлар, дипломатиялық миссия, зиялы қауым, іскер топ, диаспора мен БАҚ өкілдері қатысты.

Ресми қабылдау алдында келушілерге Қазақстаннан арнайы жеткізілген Kazbeef маркалы еті таныстырылды. Оны түріктің әйгілі азпазшысы, ScarlEt Steakhouse иесі Сүлеймен Дилек әзірлеп, қонақтарға ұсынды.

Салтанатты жиынды ашқан Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы жиналған қауымды қастерлі мереке - Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Егемендігіміздің 28 жылдығында Қазақстанның жеткен жетістіктеріне тоқталған Елші А.Сапарбекұлы бауырлас Түркияның әрдайым көрсеткен қолдауын атап өтті. Қазақстан Елшісі Елбасы Н.Назарбаевқа Түркия Президенті Р.Т.Ердоғанның бастамасымен Түркі кеңесі құрметті төрағасы атағы берілгендігін еске салды. Президентіміз Қ-Ж.Тоқаевтың қоғамның демократиялық құқықтары мен қауіпсіздігін сақтау, халықпен тиімді кері байланыс орнату, саяси реформалар, ұлттық кодты қалыптастыру жұмыстарын жалғастыру, көп векторлы және теңгерімді сыртқы саясат және жастарды билікке тарту секілді саяси басымдықтарына назар аударып, А.Сапарбекұлы жуырда Қазақстан Премьер-министрі А.Маминнің Түркияға жасаған сапары туралы әңгімеледі. Тәуелсіздігіміздің және бауырлас қазақ-түрік ынтымақтастығының маңызына тоқталған Елші сөзін бабаларымыздың «Бірлік болмай – тірлік болмас» мақалымен тәмамдады.

Айтулы кештің ашылу салтанатында ресми Түркия атынан қатысқан ТР Парламентінің төрағасы Мұстафа Шентоп Қазақстан Тәуелсіздігінің 28 жылдығымен құттықтады.

«Түркия Қазақстанның Тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекет болғанын әрдайым мақтан тұтады. Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар біз үшін өте маңызды. Алға қойылған 10 млрд долларлық сауда айналымы межесіне жету үшін қыруар жұмыс атқарылуда. Қазақстанның қуанышы - біздің де қуанышымыз», - деді ол.

Сондай-ақ алқалы кеште Мұстафа Шентоп Елші Абзал Сапарбекұлына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қорының «19 мамыр Түркі әлемі жаңғыруы марапатын» табыстады.

Ресми қабылдау Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі мен «Қорқыт ата» көне аспаптар саз тобының концертіне ұласты және қазақтың ұлттық тағамдары қойылды.

Соңғы жаңалықтар