Түркиядан Қазақстанға гуманитарлық көмек жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанға Түркиядан жалпы салмағы 11 тоннадан астам гуманитарлық жүк жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

«Қазақстан үкіметінің арнайы жіберген ұшағы Түркия Республикасынан гуманитарлық көмек алып қайтты. «Айдың нұры» қоры, Анкара шаһары муниципалитеті, Қожа Ахмет Ясауи университеті Түркия түлектері бірлестігі мен осы елдегі қазақ диаспорасының жинаған көмегі де осы көлікке тиелді. Жүк салмағына келсек, мысалы бір ғана түрік үкіметінің жіберген жүгінің құрамында өкпені жасанды желдетуге арналған 30 аппарат, ПТР-талдауға арналған 2 жабдық, 200 мыңнан астам медициналық препараттар мен бұйымдар бар», - делінген ақпаратта.

Мәлім етілгендей, бұл көмек үкіметаралық өзара түсіністік меморандумы аясында тегін тарту етілді.

«Қазақстанның COVİD-19 індетімен күресі нәтиже береді деп сенеміз. Мамандарға күш-қуат берсін, науқастарға шипа болсын. Түркия әрқашан Қазақстанмен бірге. Сондай-ақ бұл көмек осы уақытқа дейін шетелге жіберілген ең ауқымды көмек екенін айта кеткім келеді. Гуманитарлық жәрдем 6 шілдеде Ердоғанның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен телефон арқылы сөйлескеннен кейін берген тапсырмасына сай ұйымдастырылып отыр», - дейді Түркия сыртқы істер министрінің орынбасары Явуз Селим Кыран.

Түркиядағы қандастарымыз да атажұрттағы жағдайға алаңдап, жәрдем беруге ұмтылды. Оны Еуропадағы отандастарымыз да қолдап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарды.
«Шет елде өмір сүрсек те, жүрегіміз әрқашан отан деп соғады. Қысылтаяң кезеңде бір-бірімізге демеу болу – біз үшін борыш. Бір апта ішінде шамамен 1 тоннаға жуық медициналық көмек жинадық. Оны «Отандастар» қоры, қажетті азаматтарға тарқатады, - деді Катеад бірлестігінің төрағасы Ертолқын Гайретулла.

Сондай- ақ Қожа Ахмет Ясауи Университеті Түркия түлектері де білім алған елін ұмытпай, Қазақстан елшілігіне 28 оттегі концентратын табыстады.

«Кенеттен келген кеселдің кері әсері төрткүл дүниеге қатты тиді. Қазақстанның нанын жедік, суын іштік. Көмек кезек бізде. Бұл жиһаздардан бөлек, Яссауи Университетін тәмамдаған дәрігерлерді жіберсек дейміз», - деп атап өтті Яссауи университеті түлегі Мүрат Демирез.

Бұдан бөлек, гуманитарлық көмектің құрамында «Айдың нұры» қорының 135 дана оттегі концентраторы да бар. Аппараттар осы рейспен жеткізу үшін арнайы Ыстанбұлдан Анкараға әкелінді.

Еске салайық, Түркия мен Еуропа қазақтарынан келген гуманитарлық көмек ел ауруханаларына таратыла бастағанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігі Түркиядағы қазақ диаспорасының қаражатына алынған гуманитарлық жүк Қазақстанға жіберілмей жатқандығы жөніндегі ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлім еткен болатын.






Соңғы жаңалықтар