Түркияның Қазақстанға салған инвестициясы 2019 жылмен салыстырғанда 1,3% артқан

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - UNCTAD деректеріне сәйкес COVID-19 пандемиясы салдарынан туындаған жаһандық экономикалық дағдарыс нәтижесінде 2020 жылы әлемдегі тікелей инвестициялар көлемі 42% төмендеген.

Бұл үрдіске қарамастан өткен жылы Түркияның Қазақстандағы инвестициялар көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 1,3% артып, 362,4 млн. АҚШ долл. Құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми сайына сілтеме жасап.

Аталған инвестициялар көлемінің Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында Түркиядан жылдық есепте тартылған ең үлкен тарихи рекордтық көлем болғандығы ерекше қуантады. Бұның алдында ең көп инвестиция Түркиядан 2007 жылы 347,6 млн. долл. көлемінде және 2019 жылы 357,8 млн. долл. көлемінде тартылған болатын.

Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы: «Коронавирус пандемиясына қарамастан, 2020 жылы түркиялық компаниялармен түрлі форматтарда 400-ден астам келіссөз өткізіп, 30 әлеуетті инвестордың Қазақстанға сапарын ұйымдастырдық. 2020 жылдың қорытындысы бойынша бауырлас түркиялық компаниялардың инвестицияларымен Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жалпы құны 190 млн. долл. шамасында жаңа 8 жоба іске қосылды. Жобалар қатарына Түркістан халықаралық әуежайының құрылысы, дымқыл майлықтар, қапталған фанера, ұн өндірістерімен бірге медициналық диагностикалық орталықтардың және көп деңгейлі паркингтің ашылу бастамалары кіреді» деп мәлімдеді.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровтың айтуынша: «Түркия бауырлас мемлекет ретінде қазіргі таңда Қазақстандағы ең белсенді шетелдік инвестор қатарына кіреді. Осы жылдың соңына дейін түркиялық инвесторлардың қатысуымен газэлектр плиталары, кондитерлік өнімдер, жаялықтар, минералды сулар мен сусындар, FFP2-3 индустриалды және медициналық респираторлар, тіркемелер, тыңайтқыштар мен төмен вольтты кабельдердің өндірісі және қазандық жылу көзі мен томотерапия орталығының құрылыстарын қамтитын 10 жаңа жобаны іске қосуды жоспарлаудамыз».

Жалпы 2023 жылға дейін Қазақстандағы түркиялық инвестициялық жобалардың санын 2016 жылмен салыстырғанда кемінде екі есе арттыру жоспарланған.

Сонымен қатар, Түркия Сауда министрлігінің «Түркияның шет елдердегі инвестициялары туралы есебіне» сәйкес соңғы төрт жылдың ішінде Қазақстанның позициясы түркиялық компанияларға инвестиция үшін ең тартымды елдердің арасында 14 орынға жақсарған.

Бүгінде өңдеу өнеркәсібі мен мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі механизмі шеңберінде Қазақстанға инвестиция салған жаһандық түркиялық холдингтер арасында «Yildiz Holding», «Yildirim Holding», «YDA Holding», «Abdi Ibrahim», «Aselsan», «Anadolu Endustri Holding», «Borusan Holding», «TAV Havalimanlari Holding», «Ulkar Holding» және тағы басқалары бар.

Түркиялық инвестициялардың артуына екі елдің өзара жоғары деңгейдегі сапарлары үлкен серпін беруде. Атап айтқанда, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Анкараға 2018 жылғы, Премьер-Министр Асқар Маминнің 2019 жылғы және Премьер-Министрдің орынбасары Мұхтар Тілеубердінің 2021 жылғы Түркияға сапарлары барысында айтарлықтай маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілген болатын.


Соңғы жаңалықтар