Түрмеде жазасын өтеп жатқандар жанұяларымен бейнебайланыс арқылы жүздесті

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Халықаралық Отбасы күнінде темір тордың ар жағында жазасын өтеп жатқандар жанұяларымен бейнебайланыс арқылы жүздесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Алматы және Павлодар облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің бастамасымен және Алматы облысы прокуратурасының қолдауымен ЛА-155/4 және АП-162/4 пенитенциарлық мекемелерінде жазасын өтеп жатқан ерлі-зайыптылардың бейнебайланыс арқылы жүздесуі ұйымдастырылды.

Ерлі-зайыптылар есірткі сатқаны үшін жазасын өтеп жатыр. Екеуі де 10 жылға бас бостандығынан айырылған. 2 баласы бар. Үлкен ұлы 10 жаста. Апасының қарауында, ал екінші қызы анасымен бірге ЛА-155/4 мекемесінің жанындағы балалар үйінде тұрады.

«Біз мекеме әкімшілігіне жұбайыммен бейне жүздесу өткізгені үшін алғыс айтамыз. Менің қызым әкесін көріп, қатты қуанды. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіргім келеді. Әр отбасының шаңырағы берік болсын», - деді сотталушы ана.

Ал ұйымдастырушылар мұндай шара сотталушылардың тәртібіне оң әсерін тигізеді деген үмітте.

«Мекемелердің келісімі бойынша сотталғандардың заңға бағынатын мінез-құлқы үшін жазасын өтеушілерге бейне-сөйлесу мүмкіндігі берілді.Өз отбасымен бірігуге ұмтылу сотталғандарды түзеу үшін маңызды ынталандыру болып табылады», - деп атап өтті Алматы облысы ҚАЖД бастығының орынбасары Жәнібек Қосжанов.


Соңғы жаңалықтар