Тұрмыстық қалдықтарды өңдеусіз көмуге тыйым салынды: СҚО-да ахуал қандай

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тұрмыстық қатты қалдықтар тек екі ауданда ғана түріне қарай бөлек жиналады. Өңірде қоқысты пайдаға жарату 10% аспайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде полигондарда тұрмыстық қатты қалдықтарды: шыны, пластмасса мен полиэтиленді биылдан бастап алдын ала өңдеусіз көмуге тыйым салынады. СҚО аумағында қазір тұрмыстық қатты қалдықтардың рұқсат етілген 17 полигоны жұмыс істейді. Алайда, ол жерлерде қайта өңдеу мен сұрыптау жұмыстары жүргізілетін орындар жоқ. Яғни тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату тиісті деңгейде жолға қойылмаған.

Мамандардың есебінше, жыл сайын өңірде 66 мың тонна қоқыс жиналады. Қоқыс сұрыпталмағандықтан қалдықтарды қайта өңдеу үлесі былтыр 7,6% ғана құраған. Биыл бұл көрсеткіш 10% жетпек.

Қазір тұрмыстық қатты қалдықтар түріне қарай екі ауданда ғана бөлек жиналады.

«Аудандарда бұл жұмыс нашар жүргізіліп жатыр. Тек Ақжар мен Қызылжар ауданында ғана тұрмыстық қатты қалдықтар сұрыпталады. Есіл ауданында қоқысты бөліп жинауға контейнерлер алынды. Қазір осы іспен айналысатын кәсіпкер іздестіріліп жатыр. Айыртау мен Аққайың ауданында бизнес өкілдерімен келіссөздер жүргізілсе, қалған аудандарда кәсіпкерлердің онымен айналысуға құлқы жоқ», - дейді СҚО Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Ескендіров.

Петропавл қаласында қайталама шикізатты қабылдайтын 9 пункт бар, оның алтауы биыл ашылды. Аулаларда қоқыс жинайтын орындардың жанына қағаз, пластик жинайтын арнайы контейнерлер қойылған. Бұдан бөлек, қала көшелерінде қолданылған сынапты шамдар мен батареяларды жинайтын қызғылт сары контейнерлерді көруге болады. Сондай-ақ істен шыққан тұрмыстық техниканы да қабылдайтын орын жұмыс істейді. Сұрыпталған қоқыс шикізат ретінде өңірдегі кәсіпорындарға жеткізіледі. Бүгінде СҚО-да қатты қалдықтарды өңдейтін үш: «Радуга», «Петропак», «Петропавловск ЛС» жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар.

Қазіргі уақытта тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу жұмысы жақсы табыс көзіне айналған. Мәселен, «Радуга» кәсіпорнында бұрын қолданылған полимерлер өңделіп, халық күнделікті тұтынатын тауарлар шығарылады.

Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында «Қалдықтарды сұрыптайтын кешенді салып, пайдалану» жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Мамандардың сөзіне қарағанда, бұл жерде қоқыс сұрыпталып, кейін қайталама шикізат ретінде өңдеуге жіберіледі.

Соңғы жаңалықтар