Тұрмыстық зорлық-зомбылық: 500-ден астам адам дағдарыс орталығына бағытталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған 500-ден астам адам дағдарыс орталығына бағытталды. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасының басшысы Әсет Оспанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үйдегі зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға көмек көрсету мақсатында үкіметтік емес сектормен тығыз қарым-қатынастамыз. Олар бұл салада өздерінің оңтайлы елеулі үлесін қосып келеді. Елімізде 41 дағдарыс орталығы қызмет етуде, оның ішінде 29-ында паналайтын орын бар. Бұл жерлерде зардап шеккен адамдарға жан-жақты көмек көрсетіледі», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде.

Биыл дағдарыс орталықтарына тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған 500-ден астам адам бағытталған.

«Сонымен қатар, карантин кезеңінде осындай жандар үшін барлық әкімдіктермен бірлесе қонақ үй қорынан резерв құру бойынша жұмыстар жүргізілді. Осы орайда Алматы қаласында және Түркістен облысында қосымша 50 орыннан бөлінді», - деді Ә. Оспанов.

Бұдан бұрын хабарланғандай , коронавирус індеті кезінде елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық 21 пайызға өсті.

Айта кетейік, өзін-өзі оқшаулау кезеңінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілікке 8 мыңнан астам құқық бұзушылар тартылды.

Биылғы наурыздан бері тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 33 қазақстандық көз жұмды.



Соңғы жаңалықтар