Түтікшеде гүлдеген ғұмыр: Экоұрықтандыру арқылы өмірге келген тұңғыш қазақстандық 25-ке толды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осыдан тура ширек ғасыр бұрын, нақты айтсақ, 1996 жылдың 31 шілдесінде қазақстандық ерлі-зайыптылар экстракорпоральды ұрықтандыру технологиясының көмегімен перзент сүйген еді. Қазір сол түтікшеде гүлдеген ғұмыр иесі Лондонда тұрып жатыр. ҚазАқпарат белгілі журналист Сая Зағипованың отандық медицина үшін шешуші кезең болған сол бір мезет туралы мақаласын назарларыңызға ұсынады.

Осыдан 25 жыл бұрын бір перзентке зар боп жүрген қос заңгер биология ғылымдарының докторы, профессор, «ЭКОМЕД» клиникалар желісінің негізін қалаушы Салтанат Байқошқарованың көмегіне жүгініп, үйінде баланың іңгәлаған үнін есту бақытына ие болған еді.

Осылайша Қазақстанда алғаш рет эмбрион ауыстыру әрекетті сәтті аяқталып, кейін тәжірибе кеңінен тарады. Ал түтікшеде гүлдеген ғұмырдың алғашқы иесі бүгінде аман-есен бойжеткен, Лондонда жұмыс істейді.

«Мен үшін бұл - ерекше күн. Әлі күнге дейін ширек ғасыр бұрын болған оқиғаны еске алған сайын көзіме жас келеді. Бұл менің сан жылдық ізденістерімнің, талпыныстарымның, күрес пен табандылықтың арқасында болды. Қазақстанда репродуктология дейтін ғылымды нөлден бастап дамыту, сол арқылы перзентке зар жұбайларды экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) арқылы қуанту туралы идеяма жұбайымнан басқа ешкім сенген жоқ. Керісінше ұрымтал сәтін тауып, аяқтан шалуға асыққандар көп болды. Соның кесірінен біз клиника ашуға ұзақ уақыт лицензия ала алмай жүрдік. Ал жаңа ғылымның мүмкіндігінен бейхабар қарапайым тұрғындарға санаторийге бару, балшықпен емдеу, антибиотиктер мен инъекция, тәуіп пен бақсы балгерден көмек сұрау сияқты ескі тәсілдердің бәрі экологиясы асқынған бүгінгі заманға астар бола алмайтынын дәлелдеуге мәжбүр болдық», - деп еске алады Салтанат Байқошқарова.

«Жалған ақпараттың емі – ғылыми пайым»

Қазақстандағы ЭКҰ негізін қалаған, «Экомед» клиникалар желісінің жетекшісі Салтанат Берденқызын оқырманға таныстырудың қажеті жоқ шығар.

Қазақ қызының қайсарлығы мен табандылығының арқасында Қазақстан репродуктология ілімі ең жоғары деңгейде дамыған елдердің қатарына шығып отыр.

Оның Еуропа адам репродукциясы және эмбриология қауымдастығына, Америка репродуктивті медицина қауымдастығына (ASRM) мүше болуы - осы сөзімізге дәлел.

Салтанат Байқошқарова 13 жылдан бері ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі.

Осы комиссияның репродуктивті денсаулық, ана мен бала мәселелері жөніндегі жұмыстарын үйлестіріп, жетекшілік етеді.

Сол табысты қызметі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған. Ал 2017 жылы ол Қазақстанның 100 адамының тізіміне енді.

Халықтың таңдауымен іріктелетін сол іріктеуде Салтанат Байқошқароваға он мыңнан астам адам дауыс берген болатын.

Ана мен әке атану бақытын сезінуді армандайтын отандастарына жақынырық болу үшін Салтанат Байқошқарова әлеуметтік желіні құрал ретінде сәтті пайдаланып жүр.

Осы арқылы шынайы медициналық ақпарат жетіспейтін қазақстандықтарға сырлас та, кеңесші де болып жүр. Оның Instagram-да 60 мыңнан астам оқырманы бар.

«Жұмыстың көптігінен әлеуметтік желіге уақыт шыға бермейді. Соған қарамастан табиғат бойына идеологқа тән қасиеттерді дарытқан шебер ұйымдастырушы, трендтердің өзгерісін қалтқысыз түсіне білетін жұбайым Батыр Бекмұсаев мені жеке парақшамды жүргізуге көндірді. Сондықтан мен жиі тікелей эфирге шығып, бедеулікті емдеудің тәсілдеріне түсініктеме беремін. Репродуктологияда қолданылатын соңғы әдістер туралы күнделікті айтып отырамын. Бұл - өте қиын және күрделі, бірақ заман солай талап етіп отыр. Бір қарасаңыз, қазір ақпарат алу оңай, адамдардың көзі ашық сияқты көрінуі мүмкін. Дегенмен ақпарат көбейген сайын оны екшеу, ішіндегі пайдалысын ғана тұтыну қиынға соғып отыр. Сондықтан кез келген салада ағартушылық жұмыс бұрынғыдан да қажет екенін түсінемін», - дейді маман.

Бірақ бұл Салтанат Байқошарова үшін тыңнан түрен салу болды деуге келмейді.

2000 жылдың басында «Хабар» телеарнасында денсаулық туралы «Бірінші байлық» атты бағдарлама жүргізген болатын.

Сол кезден бері жалған ақпарат дейтін дертті ғылыми пайыммен емдеп жүр.

«Ол кезде екінші баламды дүниеге әкелген болатынмын. Үй мен түздің шаруасын қатар алып жүрдім. Таңғы сағат жетіде жұмысқа келіп, ота жасап, алынған жұмыртқаларды инкубаторларға, эмбриондарды мұздатқыш қондырғыларға салып, 10-ға қарай «Хабарға» жүгіретінмін. Экраннан босағанда баланы емізе салып, қайта жұмысқа асығатынмын. Осылайша журналистің міндетін қатар алып жүрдім. Бәлкім тағдыр маңдайыма ағартушылық миссия жазған шығар», - дейді ол.

Тәуелсіздік шапағаты

Бүгінде экстракорпоральды ұрықтандыру әдісінің арқасында туған балалар әр аулада өсіп келе жатыр. Бұған бұрынғыдай ешкім таңғалып та жатқан жоқ.

«Түтікшеде» гүлдеген сәбилерінің табиғи жолмен дүниеге келгендерден еш айырмашылығы жоқ екенін қоғам мойындап болған.

Түсінген жанға бұл да - тәуелсіздік әкелген көп шапағаттың бірі. Қазақстан тәуелсіз ел болмаса, бұл да болмас па еді...

«Отыздан енді асқан мамандар едік. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевты қуана тыңдадық, ол өзінің әрбір сөзінде бізді уақытпен бірге жүруге шақырды және болып жатқан өзгерістердің мәнін шаршамай түсіндіретін», - деп еске алады ғалым.

Салтанат Байқошқарова бүгін жеткен жетістігіне ұстаздарының қосқан үлесін бір сәт те естен шығарған емес.

КСРО-ға ЭКҰ ілімін енгізген Борис Леонов болса, біздің кейіпкеріміздің алғашқы ұстазы Валерий Здановский де КСРО-да ЭКҰ негізін қалаушылардың бірі болды.

Осындай жанкешті ғалымдардың арқасында 1986 жылдан бастап кеңестік ЭКҰ ілімі еурпопалық сапамен терезесін теңестіре бастады.

Ал Қазасқтанға бұл ілім 10 жылдай кешігіп барып жетті. Өйткені тоқсаныншы жылдардың алғашқы тоқырауында медицина тұралап қалған болатын.

«Тәуелсіздік алғаннан кейін елде күрделі әлеуметтік-экономикалық процестер жүріп жатты. Көптеген білікті дәрігерлер өздерінің тарихи отандарына кетті. Мен Алматыдағы «Неке және отбасы» мекемесінде жұмыс істедім. Сол кезде Қазақстанда репродуктологияны дамыту, экстракорпоральды ұрықтандыру әдісін енгізу керек деген мақсат қойдым», - дейді Салтанат Берденқызы.

Әрине, тәуелсіздік таңында жоғары технологияға көңіл бөлетін шама да жоқ еді.

Сондай қиын кезеңде бастаған істі баянды етуге жолдасы Батыр Бекмұсаевтың қолдауы септігін тигізді.

«Жанам деген жүрекке от берген» жолдасының сол бір қолдауы оны әлі қанаттандырып келеді.

90 жылдардың тартысқа толы тіршілігі бұларды да айналып өтпеді. Әсіресе 1996 жылы түтікшеден шыққан алғашқы перзент дүниеге ана келген кезде «Экомед» клиникасының төңірегінде нағыз шайқас басталды.

Гинекология саласындағы бірнеше танымал маман оның авторлық құқығына күмән келтірмек болды.

«Мен өзім бедеуліктің азабынан өткенімді ешқашан жасырған жоқпын. Жеті жыл күтіп барып ана болған адаммын. Екінші ұлым 15 жылдан кейін дүниеге келді. Бала кезімнен мен көпбалалы ана болуды армандайтын едім. Өйткені өзім көпбалалы үйде өстім. Бірақ Құдайдың бұйырғаны болды. Екі ұлымды аз деп айтуға аузым бармайды. Сондықтан, бедеулік жұптардың жан дүниесінде не болып жатқанын біле отырып, мен Қазақстанда баласыз отбасылардың барынша аз болуы үшін барлығын жасадым», - дейді ол ағынан жарылып.

Қазақстанда бедеулік мәселесі әлі де өзекті. Өйткені жыл сайын 20 мыңға жуық жұп бедеулікке тап келеді.

Оның 10 мыңға жуығы қосымша репродуктивті технологияларға, яғни, in vitro ұрықтандыруға (IVF) мұқтаж.

Қазақстанда бедеу некенің жиілігі – 15 пайыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны мемлекеттік проблема деп есептейді.

Өйткені бедеулік халықтың демографиялық көрсеткіштеріне тікелей әсер етеді.


Автор: Сая Зағипова


Соңғы жаңалықтар