Түтін тараған: Ақтөбеде сабақ барысында шіркейлерді улау жүргізілген

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласындағы №9 мектеп-гимназияда арнайы мамандар ұсақ шыбындарға қарсы улау жұмыстарын жүргізген. Бұл кезде білім ордасында 4 сыныптың оқушыларына сабақ өтіп жатқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 14 қазан күні кешкі уақытта болды. Ол кезде №9 мектеп-гимназияда екінші ауысым балалары білім алып жатқан.

«Улау жұмысы сағат шамамен 19:00-де жүргізілді. Мектепте сыныптардың іші емес, тек жертөле залалсыздандырылды. Содан ауа желдеткіш құбырлары арқылы жоғары көтерілген шығар. Негізі сол кезде оқушылардың көбі үйіне кетті. Болса 2-3 сынып болған шығар. Кейбірі сағат 20.00 – 20.30-ға дейін оқиды. Уланған, емханаға түсті, арыз түсті деген жоқ. Директорымыз қалалық білім бөліміне кетті. Бұған дейін осы жұмыс жазда, көктемде, күзде, яғни демалыста жүргізілетін еді», - деді кезекші мұғалім Олег Свет.



Мектепте шіркейлерді улау жұмысы жүргізілгенін облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті де растады. Алайда, ондай тапсырма берілмегенін атап өтті.

«Ақтөбе қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы ұсақ шыбындарға қарсы дезинсекциялық жұмыс жүргізу жөнінде ұйғарым берген жоқ.

Оқиғаға келер болсақ, қазіргі таңда оқушылар арасында улану жағдайы бойынша шұғыл хабарлама түскен жоқ. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, жоспардан тыс дезинсекциялық жұмыстар мектептің жертөлесінде сабақ уақытында шіркейге қарсы жүргізілген.

ҚР ДСМ 2018 жылғы 28 тамыздағы «Дезинфекция, дезинсекция мен дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» бұйрығының 141-тармағына сәйкес, өңдеу жүргізілетін жерлерде өңдеуге қатысы жоқ адамдардың болуына рұқсат етілмейді. Осы жағдайға қатысты тиісті шаралар қабылданады. Нәтижесі бойынша қосымша хабарлаймыз.

Ал улау жұмысына келер болсақ, мектептер бізден рұқсат алмайды, келісімшартпен жұмысты жүргізе береді», - деп хабарлады облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінен.





Соңғы жаңалықтар