Twitter-дің негізін қалаған Джек Дорси компаниядан кетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Twitter-де дүйсенбі күні басшылық ауысты: микроблогтар сервисінің тең құрылтайшысы, миллиардер Джек Дорси бас директор қызметінен кетті. Компания реформа жүргізіп, Facebook және TikTok-пен тең бәсекеге түспек, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап

Дүйсенбі күні Twitter, Inc. компаниясы бас директор Джек Дорсидің орнына Twitter-де соңғы 4 жыл бойы технологиялар бойынша директор болған Параг Агравал келетінін мәлім етті.

«Мен Twitter-ден кетуді ұйғардым. Себебі компания оның негізін қалаушылардан дербестеніп, алға жылжуға дайын деп есептеймін. Мен Парагқа жаңа директор ретінде кәміл сенемін. Twitter-де еңбек еткен соңғы 10 жылда ол компанияны түрлендіре түсті», - деп келтіреді Дорсидің сөзін әлемдік ақпарат агенттіктері.

Д.Дорси Twitter-де компания қызметкерлеріне арналған қоштасу хатын қалдырып: «Барлығы дерлік естігеніне күмәнім бар, мен Twitter-ден кеттім» деп жазды.

Facebook және TikTok әлеуметтік желілерімен нарық үшін күресіп жатқан Twitter-дің бүтін әлем бойынша 400 миллионға жуық қолданушысы бар. Facebook-те - 2,8 млрд, TikTok-та - 1 млрд қолданушы тіркелген.

Программист Джек Дорси Twitter-ді оның негізі қаланған – 2006 жылдан бері басқарып келді. Қазір 45 жастағы Дорсидің дәулеті 12 млрд АҚШ долларына бағалануда.


Соңғы жаңалықтар