Тынысбек Бөпішбай: Абайдың портретін құрау үшін 600 Рубик кубигі мен 5 сағат қажет болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда тұрғыны, Түркістан облысының тумасы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті Тынысбек Бөпішбай Рубик кубигінен ақын Абайдың портретін құрастырды. Бұл - ол құрастырған алғашқы портрет емес. Бұған дейін ол 600 Рубик кубигінен қалыңдығының және даңқты спортшы Жақсылық Үшкемпіровтың портретін құрастырған. «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі дарынды студентпен сұхбаттасты.

- Тынысбек, алдымен өзің туралы тоқталып өтсең. Қай өңірде дүниеге келдің? Қазіргі уақытта қай мамандық бойынша оқып жатырсың?

- Мен Түркістан облысында дүниеге келгенмін. 21 жастамын. Қазіргі уақытта Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студентімін. Мамандығым - «Көлік, көліктік техникалар және технологиялар».

- Рубик кубигін жинауға деген қызығушылығыңыз қашан оянды?

- Рубик кубигін жинаумен хобби ретінде айналысамын. Шамамен 7-8 сынып оқитын кезден бастап жинауды толық меңгеріп алдым. Бастапқыда кубиктерден гүл, жануарлардың бейнесін жасайтынмын. Уақыт өте келе Рубик кубигінің саны 600-ге жетті. Одан кейін осы кубиктерден қызымның портретін жасадым. Ол портрет әлеуметтік желіде талқыланып, жақсы пікірлер айтылды. Ең бағалы сыйлық - өз қолыңмен жасаған сыйлық. Қызым қатты қуанды. Ол Рубик кубигін құрастыра алатынымды біледі, бірақ одан портрет құрастыра алатынымды білмейтін. Одан кейін Жақсылық Үшкемпіровтің, Абай атамыздың бейнесін құрастырдым.


- Рубик кубигін жинауды қалай үйрендіңіз? Оны жинаудың әдіс-тәсілдерін қайдан үйрендіңіз?

- Оқушы кезімде мектептегі балалардың бәрі Рубик кубигін ұстап жүретін. Сол балалармен бірге үйреніп кеттім. You Tube желісінде де қалай құрау керек екенін үйретеді, бірақ оны 20-30 минут қарап отыруға шыдамым жетпейтін.

- Қызыңыздың портретін құрастырған кезде қанша Рубик кубигін қолдандыңыз? Туындыңызды қанша уақытта аяқтадыңыз?

- 600 Рубик кубигі кетті. 1 минуттық видеоролик болғанымен, оның артында 5 сағаттық жұмыс бар.

- Адамның бейнесін құрастырар кезде қалай дайындаласыз?

- Мысалы, Рубик кубигінде қара түс жоқ, сол себепті шаштың түсі жасыл болатынын алдын ала көз алдыма елестетіп аламын. Бет-әлпеті мен қүлағы қызыл түсті болады деген сияқты қандай түс таңдайтынымды да алдын ала ойластырамын. Рубик кубигінен адам бейнесін құрастырған кезде видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салатын болғандықтан, айналамдағы көрініске үлкен мән беремін. Көбінесе ашық аспан астында, су жағасында отырып жұмыс істегенді жақсы көремін.

- Жақсылық Үшкемпіров пен Абай атамыздың бейнесін жасауға қанша уақыт және қанша Рубик кубигі кетті?

- Жақсылық Үшкемпіров - даңқты спортшы. Оған деген құрметім зор. Оның да портретін жасау үшін 600 Рубик кубигі кетті. Кубик саны неғұрлым көп болған сайын портрет сәтті шығады.

- Абайдың портретін таныстыруыңыз «Бәйтерек» монументінің маңында салтанатты түрде өтті. Бұл шараны кім ұйымдастырды?

- Жақсылық Үшкемпіров атамыздың портретін жасаған видеоны көрген тілшілер маған хабарласып, Абай атамыздың да бейнесін салуды өтінді. Мен қуана келістім. Осылайша Рубик кубигінен Абай атамыздың портретін құрадым, тілшілер видеоға түсірді. Портреттің ұзындығы - 1 метр 60 см, ені - 1 метр болды. Рубик кубигі 6 түсті болса, мен соның 5 түсін қолдандым.

- Жоғарыда бұл сіздің хоббиіңіз екенін айтып өттіңіз. Болашақта кәсіп ретінде қолға алу жоспарда бар ма?

- Қазіргі уақытта көп адам ақылы түрде портрет құрап беруімді өтініп жаза бастады. Бұл қабілетімді кәсіп көзіне айналдыру туралы ойланып көруге болады. Тапсырыс берген адамның өтініші бойынша портретті құрап, видеоға түсіріп жіберем, ал Рубик кубигі өзімде қалады. Ал Рубик кубигін тапсырыс беруші өзі алып келсе - онда, әрине, портретті өзімен алып кетуіне болады.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!

Видео: Elorda ақпарат


Соңғы жаңалықтар