ТЖ режимі: СҚО түрмелері туыстармен көрісуді онлайн ұйымдастырды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Төтенше жағдайға байланысты енгізілген шектеулерге орай Солтүстік Қазақстан облысының колонияларында туыстармен көрісу онлайн-форматта өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жазасын өтеушілер жақындарымен «Skype» арқылы бейнебайланысқа шыққан. Өңірдегі түзету мекемелері мұндай бейнебайланысты алғаш ұйымдастырып отыр.

«Қылмыс жасағандар соттың үкімімен бас бостандығынан айырылады, бірақ сыртқы әлеммен байланысы толығымен кесілмейді. Сотталғанның жақын адамдарымен хабарласып, көрісіп тұруына құқығы бар. Екі айда бір рет екі сағаттық қысқа кездесу және екі тәуліктік ұзақ кездесу алады. Хат жаза алады, телефон арқылы қоңырау шалуға рұқсат бар. Бірақ, мұндай кездесулер жазасын өтеушінің тәртібіне және басқа факторларға қарай беріледі», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД бастығы Рустан Ахметжанов.


ЕС-164/1,3,6,8,9 мекемелерінде СҚО бойынша ҚАЖД сотталғандар үшін олардың туған-туыстарымен «Skype» арқылы бейнекездесу ұйымдастырды. Петропавлдағы әйелдер колониясында 200-ден астам адам жазасын өтеп жатыр. Олардың арасында адам қанын мойнына жүктегендер де, есірткі саудасымен айналысқандар да бар. Бірақ негізінен ұрлық жасап, алаяқтықпен айналысқандар отыр. Бүгін қысқа мерзімді кездесуге уақыты жеткен алты әйел туғандарын қашықтан көріп, сөйлесуге мүмкіндік алды.

Жалпы бұл күні бес түзету мекемесінің 18 сотталушысы бейнебайланысқа шығып, мауқын басты.


«Мен ата-анамды көруге мүмкіндік алдым және балаларымды көріп қуанып қалдым. Олар менің денім сау екенін көре алды. Мекеме әкімшілігіне осындай мүмкіндік бергені үшін үлкен рахмет», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД ЕС-164/6 мекемесінің сотталушысы О. Шавкомуд.

Мамандардың айтуынша, бейнеқоңыраулар елде коронавирустың таралу қаупін азайтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ ол арқылы екі жақ бір-бірін көре алады.

«Жазасын өтеп жатқан туғанын көру үшін жүздеген, кейде мыңдаған шақырымды артқа тастаудың, шығынданудың да қажеті жоқ. Еліміздің шалғай аймақтарында тұратындар осындай бейнекездесулер арқылы жақындарына қолдау көрсете алады. Сотталғандар әлеуметтік пайдалы байланыстардан қол үзбейді және олардың психологиялық жағдайына оң әсер етеді», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД ЕС-164/3 мекемесінің бастығы Тамерлан Валиев.


Соңғы жаңалықтар