ТЖМ Алматы облысындағы өртке қатысты мәліметтермен бөлісті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматы облысында екінші және үшінші өрт ошақтарын сөндіріріліп жатыр. Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«15 сәуір күні сағат 09.45-те Алматы облысы Балқаш ауданының Жиделі ауылдық округінен 25 шақырым жерде құрғақ шөп пен қамыс өртенді. Өрт көлемі анықталып жатыр. Өрт шаруа қожалықтарының аумақтарына және жеке демалыс базаларының жерлеріне таралды. Өрт орнына жедел түрде Балқаш ауданына қарасты Қапшағай қаласы мен Бақанас ауылының өрт сөндіру бөлімдерінен 18 қызметкер мен 5 бірлік техника жіберілді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, төтенше жағдай орнына барар жолдың нашар болуына байланысты күштер мен құралдардың қозғалысы айтарлықтай қиындады. Өрт орнына дейінгі қашықтық шамамен 180-200 шақырым. Телефон байланысы болмағандықтан, жедел топтың жеке құрамы байланысты ұйымдастыру үшін алып жүретін спутник терминалдармен қамтамасыз етілді.

«13 сәуірден бері ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардың күштері және құралдары Балқаш ауданының Желтораңғы, Ақкөл ауылдық округтерінің аумақтарындағы ошақтарды сөндіруде. Барлығы үш өрт ошағы бар. 20 гектар алаңдық құрайтын алғашқы ошақ сағат 10.30-да сөндірілді. Екінші және үшінші өрт ошақтарын сөндіру жұмыстары жалғасуда», - деді ресми өкіл.

Талғат Уәли қураған ағаштардың жану оқиғаларының жиілеуіне байланысты 12 сәуірден бастап Балқаш ауданында жедел штаб құрылғанын айтады. Онда Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жұмыс істейді. Қазавиаорманқорғау мекемесінің ұшағымен учаскелерді аэровизуалды тексеру ұйымдастырылды.

Бұған дейін Алматы облысындағы өрт салдарынан балық шаруашылығына зиян келіп, бір адам зардап шеккенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар