+7 (701) 759 90 19
USD 429.76 EUR 518.16
RUB 5.64 CNY 66.15
Jańalyqtar

ҰБТ-2021: Жаңа электронды формат пен тестіні екі рет тапсыру мүмкіндігі берілді

2021 жылғы 5 сәуір 16:56
Бөлісіңіз:
ҰБТ-2021: Жаңа электронды формат пен тестіні екі рет тапсыру мүмкіндігі берілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуде тиісті өзгерістер ескеріліп отыр. Атап айтқанда, енді ҰБТ электронды форматта ұйымдастырылатын болады. Осы орайда бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Білм және ғылым министрлігінің өкілдері түсінік берді.

«Білім және ғылым министрлігі білім саласын ары қарай жетілдіру бойынша бірқатар жұмыс атқаруда. Соның ішінде ашықтықты, адалдықты қамтамасыз ететін цифрландыру процесіне көшкеніне біраз уақыт болды. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуді электронды форматта өткізу жоспарланып отыр. Өздеріңізге белгілі 2004 жылдан бері ҰБТ қағаз форматта өткізіліп келеді. Бастапқы уақытта Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу өзімен екі функцияны алып жүрді. Біріншіден, мектеп бітіруге байланысты қорытынды аттестау жұмыстары және мектеп біртіргендігі жөнінде аттестат алу үшін, сондай-ақ жоғары оқу орнынан түсуге мемлекеттік гранттар конкурсына қатысу функциясын алып жүрген болатын», - деп тоқталды Білім және ғылым вице-министр Шолпан Каринова.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде ҰБТ тек қана жоғары оқу орынына түсу үшін мемлекеттік грантты жеңіп алу конкурсына қатысу тетігі болып саналады. Бұл - әлемдік тәжірибе. Барша әлемде осындай әдіспен жоғары оқу орындарына тестілеу жүргізіліп келеді.

Сонымен, мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ 15 сәуірде басталып, 30 маусымға дейін жалғасады.

Компьютерлік ҰБТ-ға өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының http://app.testcenter.kz/ сайты арқылы беруге болады. Тіркеу онлайн режимде жүргізіледі, ешқандай құжат пен фотосуреттер талап етілмейді. Абитуриент сайтқа кіріп, кез келген тестілеу пунктін, ҰБТ тапсыру күні мен өзіне ыңғайлы уақытты таңдайды. Егер бұрын талапкерлерге ҰБТ-да кітапшаның қағаз нұсқасы мен жауап парағы берілетін болса, енді үміткерлер тестілеуді компьютер арқылы тапсыратын болады.

«ҰБТ-ны өткізу процесін цифрландыру бірқатар ерекшеліктерге және ұтымды жағдайларға ие. Біріншіден, бұл тест тапсырушылардың өздері үшін ыңғайлы. ҰБТ бұрынғыдай 10 күннің ішінде ғана емес, енді үш ай бойы ҰБТ электронды форматта өтетін болады. Ең ұтымды жағына тоқталсақ, оқуға түсушінің өзі қай күнге, қай уақытта және қай жерде өткізуді таңдай алады. Тіркелгеннен кейін, тестілеуді электронды форматта өтеді», - деді ҚР БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

Тағы бір ерекшелігіне тоқталсақ, мемлекеттік білім грантын ұтып алуға ниеттенген үміткерлер Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі мәрте тапсыра алады. Егер талапкер сәуір айында тестілеуден өткен болса, оның ҰБТ-ны екінші рет бірнеше күннен кейін немесе мамыр не маусым айларында тапсыру мүмкіндігі болады. Тестілеуге бір күнде 2 рет қатысуға тыйым салынады. Мемлекеттік білім беру грантын алу конкурсына қатысу үшін оқуға түсуші ең жақсы нәтижесі бар сертификатты ұсына алады. Бұл мүмкіндік үміткерлердің грант ұтып алу мүмкіндігін айтарлықтай арттыра түспек.

«Тағы бір артықшылығына тоқталсақ, тест нәтижесі жұмыс күнінің соңында емес, тестілеу нақты аяқталғаннан кейін бірден сол жерде қолжетімді болады. ҰБТ нәтижелерімен келіспеген жағдайда талапкер апелляцияға сол күні, яғни 30 минут ішінде өтініш беруге құқылы», - деді Ә. Тойбаев.

Электронды ҰБТ нәтижелерін өңдеу барысында парақтағы ішінара боялған жауаптардың есептелмей қалуы сияқты техникалық қателердің болуы мүмкін емес. Тестілеудің бұл форматында оқушылар жауап парағын толтыруға уақыт жұмсамай, бұл уақытты тест тапсырмаларын орындауға пайдалана алады. Компьютерлік тестілеудің тағы бір артықшылығы – ҰБТ нәтижелерін тестілеу аяқталғаннан кейін бірден білуге болады. Тестілеу қорытындысы бойынша жиналған ұпай саны экранға шығарылады. Сондай-ақ ҰБТ қатысушысы қандай сұрақтарға қате жауап бергенін бірден көре алады.

Өз кезегінде ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов ҰБТ-дан кейінгі аппеляция талаптарын түсіндірді.

«Тестілеу аяқталғаннан кейін, талапкер апелляцияға өтініш бере алады. Егер сұрақтардың құрамына немесе техникалық себептерге байланысты аппеляцияға беретін болса, оның 30 минут уақыты болады. Отырған орнындағы компьютерден аппеляцияға бере алады. Аппеляция 30 күннің ішінде қарастырылады және оның нәтижесі талапкердің жеке кабинетінде көрсетіледі», - деді Д. Смағұлов.

Оның сөзіне қарағанда, тест тапсырмаларының саны өзгермеді, 5 пән қалды. Екі бейінді және үш міндетті пән қамтылады. Тест тапсырмалараның саны – 120, оның ішінде Қазақстан тарихы бойынша – 15, математикалық сауаттылық бойынша – 15, оқу сауаттылығы– 20 және екі бейіндік пәннен 35 тапсырмадан беріледі.

ҰБТ нәтижесі бойынша талапкерлер ең жоғары 140 балл жинай алады. Оның айтуынша, тестілеуді өткізу уақыты - 240 минут (4 сағат). Атап айтқанда, тестілеу кезінде бір сағаттан кейін талапкерлерге екі минут үзіліс, 120 минуттан кейін 15 минут үзіліс беріледі. Бұл үзілістер компьютерге қатысты ерекшеліктерді ескере отырып, санитарлық нормаларға сәйкес балаларға арнайы беріліп отыр. Бұл қадамдар талапкерлердің денсаулығы үшін жасалып отыр.

ҰБТ процесін бақылау

«Ұлттық бірыңғай тестілеу электронды форматта «бір тест тапсырушы – бір компьютер – бір камера» қағидаты бойынша ұйымдастырылады. Демек, әрбір қатысушы жеке компьютерде отырып, ҰБТ тапсырмаларын орындайды. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аудардық. Тестілеу процесі шифрлау элементтері бар арнайы жабық VPN желісі арқылы жүзеге асырылады», - деді Әділет Тойбаев.

Білім министрлігінің мәліметінше, аудиторияда не болып жатқанын көрсететін камералардан басқа, тест тапсырушы отыратын әр үстелдің үстінде тағы бір камера орнатылады. Прокторинг пен бейнебақылаудың заманауи жүйесі және ҰБТ-да бөгде адамдарды болдырмау үшін Face ID цифрлық сәйкестендіру құрылғысы пайдаланылады. Ережелердің сақталуын арнайы компьютерлік бағдарлама бақылайды, ол тыйым салынған заттарды қолдану фактілерін автоматты түрде анықтайды. Егер ҰБТ тапсыру кезінде талапкердің смартфон, шпаргалка және т.б. тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, тестілеу автоматты түрде тоқтатылады, тест тапсырушының нәтижелері жойылады. Тестілеу процесін қосымша ахуалдық орталық бақылайды. Сондай-ақ ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету үшін ҰБТ-ны өткізу рәсіміне Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Арнайы мониторингтік тобы мен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері шақырылатын болады.

Өз кезегінде Дидар Смағұлов әр тест тапсырушыға қатысты бейнежазбалар сақталатынын, арнайы компьютерлік бағдарлама автоматты түрде жұмыс істеп, кез келген ереже бұзу фактілері анықталатынын жеткізді.

«Барлық бейнежазбалар биылдың 25 тамызына дейін қайтадан қаралады. Егер қосымша тыйым салынған зат анықталса немесе басқа да ережені бұзу фактілері байқалса, тест тапсырушының ҰБТ бойынша нәтижесін жоюға құқығымыз бар. Сондықтан жұмыс өткен жылдағыдай биылда да атқарылады, - деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры.

Санитарлық талап сақталады

«Ғимаратқа кіргізу маска режимін сақтай отырып, кемінде 2 метр арақашықтық арқылы іске асырылады. Әрбір талапкер дизинфекциядан өтеді және әрқайсысының оргәйекпен қоршағалған өзінің орны болады», - деді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Ә. Тойбаев.

Әрбір талапкер жеке компьютерде отырып, ҰБТ тапсырмаларын орындайды. Тестілеудің барлық қатысушысы ҰБТ басталар алдында санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес дезинфекциядан өтеді. Тестілеуге кіргізу кезінде қатысушылардың аяқ киімдері мен қолдары арнайы құралдарымен өңделеді. Бет маскасының дұрыс тағылуын қадағалау мен температураны өлшеу арнайы Face ID планшетінің көмегімен жүзеге асырылады. Тест тапсырушыларды кіргізу және аудиторияда отырғызу кезінде әлеуметтік қашықтық сақталады. Аудиториялар желдетіліп, дезинфекциялық құралдармен өңделеді. Санитарлық нормаларға сәйкес ата-аналар мен мұғалімдерге ҰБТ өткізу пунктінің аумағында болуға тыйым салынады. Олар үшін аудиториядан бейнетрансляция қамтамасыз етіледі.

Шекті балл деңгейі

Педагогикалық мамандықтар бойынша білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ-ның шекті балы 75-ке дейін ұлғайтылды.

Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін немесе ақылы негізде оқуға түсу үшін: «Педагогикалық ғылымдар» саласы бойынша кемінде 75 балл;

Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» саласы бойынша кемінде 65 балл;

«Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім беру салалары бойынша кемінде 60 балл;

Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 65 балл, ал басқа жоғары оқу ұйымдарына кемінде 50 балл керек.

Айта кетейік, педагог мамандығын таңдаған «Алтын белгі» иегерлерінің саны екі есеге артқан.

Айтпақшы, 2021 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге 400 млн теңге жұмсалатыны белгілі болды.

«Жыл сайын Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуде елеулі сомада үнемдеу болып жатыр. Егер өткен жылдарда ҰБТ-ны қағаз форматта өткізуге 1 млрд теңгеге тарта қаражат жұмсалса, ал биыл 600 млн теңгеден астам үнемдемекпіз. Жалпы, барша шығын сомасын 400 млн теңгемен жабамыз. Алдағы жылда бұл сома төмендетеледі. Өйткені биыл электронды форматқа ауысу үшін тиісті шығындар болды. Енді келесі жылы құрылған жүйеге қолдау жасау мен коммуникация төлемдері ғана қамтылады. Сондықтан 2022 жылы шығындар азаяды», - деді Д. Смағұлов.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Руслан Ғаббасов

Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT